Ақмарал Савхатова өзіне табысталған «Құрмет» орденін жеке жетістігі ретінде емес, онкология саласында аянбай қызмет етіп жүрген барша әріптесінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдайтынын жеткізді.
Ақмарал Савхатова: Бұл марапатты барша әріптесімнің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын
Фото: Ақорда
201
оқылды

Ақордада медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, медицина саласындағы жетістіктер мен түйткілді мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар бір топ медицина қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Солардың бірі – Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Савхатова Ақмарал Досполқызы. Медицина саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар маман бүгін Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақмарал Савхатова өзіне табысталған «Құрмет» орденін жеке жетістігі ретінде емес, онкология саласында аянбай қызмет етіп жүрген барша әріптесінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдайтынын жеткізді.

– Біз күн сайын ауыр диагнозбен бетпе-бет келген науқастардың өмірі мен денсаулығы үшін күресеміз. Онколог дәрігер үшін әрбір сақтап қалған өмір, дертінен сауығып отбасына, қоғамға қайта оралған науқас – ең үлкен жеңіс, жетістік.

Бұл мамандық терең білімді ғана емес, сонымен қатар төзімділік, жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді.  Осынау жоғары мемлекеттік марапат, маған деген зор сенім, әрі алдағы уақытта халық денсаулығын қорғау жолында адал қызмет етуге берілген үлкен жауапкершілік, - дейді ақ халатты абзал жан.