Қазақстанда бастапқы тұрғын үй нарығында пәтер бағасының төмендеу үрдісі байқала бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
AERC сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың мамыр айында эконом санаттағы пәтерлердің бағасы бір ай ішінде 10 пайыздан астам төмендеген. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының өзіндік құны, керісінше, сәуірмен салыстырғанда 2,7 пайызға, ал жылдық есепте 8,2 пайызға өскен. Ең жоғары өсім басқа жұмыстар мен шығындар санатында тіркеліп, 13,6 пайызды құрады.
Krisha.kz платформасының деректеріне сәйкес, бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы мамыр айында 0,9 пайызға төмендеген. Элиталық тұрғын үй бағасы 3 пайызға арзандаса, «комфорт» және «бизнес» санаттарында баға айтарлықтай өзгермей, тиісінше 0,3 және 0,9 пайызға ғана өскен.
Сарапшылар бағаның төмендеуін тұрғын үйге деген сұраныстың азаюымен байланыстырады. Мамыр айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 420 мәміле тіркелген. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 13,5 пайызға, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5 пайызға аз.
Нарықтағы белсенділіктің бәсеңдеуіне Отбасы банкіндегі аралық қарыздар бойынша бірыңғай 8,5 пайыздық мөлшерлеменің енгізілуі және зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға қойылатын жеткіліктілік шегінің көтерілуі әсер еткен.
Өңірлер бойынша алғанда, Астанада тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 614 366 теңгені құрап, 0,2 пайызға төмендеген. Шымкентте бұл көрсеткіш 502 544 теңгеге дейін түсіп, 0,8 пайызға арзандаған.
Ал Алматыда жағдай өзгеше. Мұнда бастапқы тұрғын үй бағасы 2,3 пайызға өсіп, бір шаршы метрдің орташа құны 877 397 теңгеге жеткен.
