Асқар Ертаевтың сөзінше, бүгінде екі негізгі модель қарастырылып жатыр.
Қазақстанда зейнетақы жүйесін өзгертуге қатысты екі жаңа нұсқа ұсынылды
156
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев Сенат кулуарында Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты жаңа реформалар қарастырылып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарнасының қазіргі тәртібі өзгермейді. Қазақстандықтар бұрынғыдай ай сайын табысының 10 пайызын жеке зейнетақы шотына аударуды жалғастырады.

Қазіргі талқылау жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналарына қатысты жүргізілуде. Болашақта олардың көлемі қызметкер жалақысының 5 пайызына дейін жетеді.

Асқар Ертаевтың сөзінше, бүгінде екі негізгі модель қарастырылып жатыр. Оның бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған «4+1» жүйесі. Бұл модель бойынша жұмыс беруші төлейтін 5 пайыздық жарнаның 4 пайызы қызметкердің жеке шотына аударылып, 1 пайызы ортақ қорға бағытталады.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынған нұсқа бойынша барлық қаражат ортақ қорға жиналып, кейін жүйеге қатысушылар арасында қайта бөлінеді.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңартуға қатысты түпкілікті шешім шілде айына дейін қабылданады. Сонымен қатар ол екі ұсыныстың да артықшылықтары бар екенін айтып, екеуін де қолдайтынын жеткізді.