Егер денеге кене жабысып қалса, адам оны өз бетінше алмай, дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
Батыс Қазақстанда кене шаққан адамдар саны көбейген
фото: www.istockphoto.com
155
оқылды

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кене шаққан 163 адам медициналық көмекке жүгінді,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, өткен жылы осы мерзімде 166 адамды кене шаққан еді. Бұл көрсеткіштер кене шағуының алдын алу шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.

Оның айтуынша, көктем-жаз мезгілінде кенелердің белсенділігі едәуір артады. Кенелер адам денсаулығына қауіпті жұқпалы аурулардың, соның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін.

"Кене шағуының алдын алу үшін табиғат аясында демалғанда және далада жұмыс істегенде, ашық түсті, денені толық жабатын киім кию, арнайы репелленттер қолдану және киім мен денені үнемі тексеріп отыру ұсынылады. Үйге оралғаннан кейін кененің бар-жоғына көз жеткізіп, адам өзін, балаларын, қасындағы танысын, сондай-ақ үй жануарларын мұқият қарап шығу қажет", – дейді Гүлдана Кереева.

Маманның айтуынша, егер денеге кене жабысып қалса, адам оны өз бетінше алып тастауға тырыспаған абзал. Мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерден білікті көмек алған жөн.