Күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Талдықорғанда есірткі таратты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды
фото: www.istockphoto.com
137
оқылды

Құқық қорғау органдарының жастарға қауіп төндіретін тыйым салынған заттарды тарату арналарын анықтап жатыр. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Талдықорғанда синтетикалық есірткіні өткізумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұсталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Polisia.kz.сілтеме жасап.

Олар – Алматы қаласының 33 және Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ есірткілерді өлшеп-орауға және таратуға арналған заттар тәркіленді.

Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткі заттары мен олардың заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталды. Мұндай құқықбұзушылықтардың жолын кесу – құқық қорғау органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді.

– Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Полиция есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыс үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады, – делінген хабарламада.