Қазір жасөспірімдер ата-аналарына аман-сау табысталды.
"Үйінің ауласында болған": Семейде жоғалған екі жасөспірім аман-есен табылды
264
оқылды

Семей қаласында жоғалып кеткен 14 жастағы Рақымжан Үкіртаев пен 8 жастағы Әлихан Қайратов аман-есен табылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Екі баланың ата-анасы 18 маусым күні түнгі сағат 01:00 шамасында "102" арнасына хабарласып, көмек сұраған. Олардың айтуынша, кәмелетке толмағандар балалар соңғы рет 17 маусым кешкі  сағат 20:00 шамасында Семейдегі "Шығыс" кентінің ойын алаңында байқалған.

Дабыл түскеннен кейін Семей қалалық Полиция басқармасының бүкіл гарнизоны аяғынан тік тұрды. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кезекшіліктегі патрульдік полиция батальонының барлық экипаждары жұмылдырылды. Сонымен қатар аспаннан бақылау үшін екі ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды.

Тәртіп сақшылары түні бойы аулаларды, ойын алаңдарын, қараусыз қалған ғимараттар мен бос жерлерді тінтіп шықты. Таңғы сағат 09:10 шамасында жергілікті тұрғындардың бірі балаларды өз үйінің ауласынан байқап қалған. Әйел адам бұл туралы дереу полицияға хабарлаған.

Қазір жасөспірімдер ата-аналарына аман-сау табысталды. Полиция қызметкерлері олармен және заңды өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылады. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады.

Бұған дейін олардың іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.