Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі Адам. Әлеует. Қоғамдық құндылық» тақырыбында халықаралық GovHR форумы басталды. Іс-шара мемлекеттік басқару саласының көшбасшыларын, IT мамандарын, HR практиктері мен цифрландыру саласындағы сарапшыларды біріктіре отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық үдерістерді трансформациялау мәселелерінде заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу бойынша конструктивті диалог жүргізуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Халықаралық GovHR форумы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды.

Форумға GRECO президенті Дэвид Мейер, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня, Черногория Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукай, Жапонияның Ұлттық кадр басқармасының халықаралық істер және оқыту жөніндегі бас директоры Мио Маэда, Түркия Республикасы Президенті Бас хатшылығының кадр мәселелері және қызмет қағидаттары жөніндегі бас директоры Билал Шентюрк, Босния және Герцеговина Федерациясы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Рефик Бегич, Португалия Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық механизмінің (MENAC) төрағасы Жозе Антониу Мураш Лопеш, сондай-ақ БАӘ, Румыния, Қытай, Ганконг, Ұлыбритания, Әзербайжан, Армения, Иордания, Кипр, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Финляндия, Сингапур сияқты әріптес елдер мен отандық уәкілетті органдарының басшылары, жетекші мамандар және сарапшылар қатысуда.

Іс-шарада Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай форумның мемлекеттік қызметті дамытуға бағытталған инновациялық шешімдерді қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық және институционалдық реформаларға тоқталып, адам құқықтары мен оның мүдделерін ең жоғары құндылық ретінде бекіткен Халықтық Конституцияның жаңа мемлекеттік басқару философиясын айқындағанын айтты.
Дархан Жазықбай Конституция мен мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңда адам капиталына, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік және клиентке бағдарлану сияқты құндылықтарға негізделген жаңа мәдениетке көшуде.

Сондай ақ мемлекеттік қызметке іріктеу, өткеру және кадрлық процестерді цифрландырудағы реформаларға тоқталды. Мәселен, конкурстық рәсімдер толық цифрлық форматқа көшіп, іріктеуді өткізу мерзімдері 23–30 жұмыс күнінен 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Азаматтардың конкурсқа қатысу деңгейі дәстүрлі іріктеу жүйесімен салыстырғанда 3,5 есеге артқан. Жаңа заңда «Б» корпусы қызметшілері үшін горизонталды мансаптық ілгерілеу, лауазымдық жалақыларды кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеу, лауазым үш айдан астам уақыт бойы бос тұрған жағдайда конкурсты автоматты түрде жариялау қарастырылған.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында Alem.cloud ұлттық суперкомпьютері мен 100-ден астам автоматтандырылған агенті бар мемлекеттік жасанды интеллект платформасы іске қосылды. AI Qyzmet бағдарламасы аясында 52 мыңнан астам әкімшілік мемлекеттік қызметші оқытудан өтті.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, азаматтардың пікірлері мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін айқындайтын көрсеткіш ретінде бағаланады. Сондай-ақ Агенттік жүзеге асырып отырған қашықтықтан мониторинг нәтижесінде өткен жылы 2 600-ден астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілгені атап өтілді.
Сонымен қатар Агенттік төрағасы халықаралық ұйымдардың стандарттарына сәйкес, алдағы 5 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жаңа стратегиялық құжатты әзірлеу жұмыстары басталғанын айтты. Бұл құжат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, мүдделер қақтығысын тиімді басқаруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға бағытталады.

20 елден келген 50-ден астам сарапшы HR процестерді жетілдіру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні басқару ісіне енгізу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған сессияларда пікір алмасады.
GovHR Форумы – мемлекеттік кадр қызметін жетілдіруге, заманауи HR құралдарын енгізуге және адами ресурстарды басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды халықаралық алаң.
