Ішкі істер министрлігі мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактикалық және жедел-іздестіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде 266 мал ұрлығы тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға төмендеді. Сонымен қатар қылмыстарды ашу деңгейі де артқан.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 258 күдікті ұсталып, 58 қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды. Ұрланған 1730 бас малдың 1007-сі иелеріне қайтарылды.
Жамбыл облысында да ірі көлемдегі мал ұрлығының беті ашылды. Полицейлер жалпы құны 15 миллион теңгеден асатын 25 бас ірі қараның қолды болғанын анықтады. Жедел іс-шара барысында үш күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған мал толықтай иесіне қайтарылды.
Министрлік тұрғындарды төрт түлікті қараусыз қалдырмауға, уақтылы таңбалауға және мал жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырды.
