Қала бүкіл еліміздің ауылдарынан келген айқанаттық балалар – «сары балапандарға» толды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұлар – ең ынтасы зор 1000 сегізінші сынып оқушысы, жобада оларды «IQanat – Мың бала» деп атайды. Балалардың көбі үшін бұл – ата-анасыз шыққан алғашқы сапары, ірі мегаполиске тұңғыш рет келуі және өздері армандаған болашағына жасаған бірінші қадамы болуы да мүмкін.
Жоба аясында Олимпиада сегізінші мәрте өткізіліп отыр, 8 жылда ол 300 мыңнан астам ауыл баласын қамтыды. Алайда мұндай көрсеткішке IQanat бірден қол жеткізген жоқ.
«Бүгінде бәрі Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданындағы 1500 оқушыдан басталғанына сену қиын. Мен жобаға келген тұста ол енді ғана республикалық деңгейге өтіп, қанатын жайып келе жатқан еді. Ал қазір жыл сайынғы қатысушылардың саны 60 мыңға, ал финалистер саны мыңға дейін жетті. Шыны керек, біз IQanat түлектері планетамыздың үздік жоғары оқу орындарына түсіп, әлемнің 19 елінде білім алады деп ойламаған едік», – дейді IQanat жобасында ең ұзақ уақыт еңбек еткен қызметкер Гүлмира Байхожаева.
Осы жылдар ішінде жоба балалардың туған жері оның болашағын айқындамауы қажеттігіне кәміл сенген қазақстандық кәсіпкерлердің арқасында жүзеге асып келеді. Олардың бірі – «EPC SYSTEM» компаниялар тобының негізін қалаған Жеңіс Тайбукенов:
«Мен жобаға 2019 жылы қосылып, өзім туған Ақтөбе облысының ауданындағы балаларды қамқорлығыма алдым. Ол кезде қамқоршылар саны жиырма-отыз шамасында ғана болатын. Ең бірінші қамқоршылар кеңесіне қатысып, жобаның жүйесін қалыптастырдық. Бүгінде IQanat маңайында 250-ден астам ниеттес жан бар. Біз бәріміз әртүрлі болсақ та, бізді «бір мүмкіндік баланың өмірін ғана емес, тұтас отбасы, ауыл және елдің болашағын да өзгерте алады» деген ой біріктіреді».

Жылдар ішінде финалдың өзі де өзгерді. Кезінде ол бір күндік тестілеу болса, қазір бір аптаға созылатын зияткерлік дайындық алаңына айналған.

Биылғы қатысушыларды алда ЖИ, кәсіпкерлік, медиасауаттылық және көшбасшылық бойынша ондаған дәріс пен шеберлік сағаттары күтіп тұр. Олар белгілі кәсіпкерлермен, сарапшылармен және үздік түлектермен кездеседі. Олимпиаданың әрбір кезеңінде Peer-to-Peer жобасының рөлі ерекше. Оның аясында айқанаттық 1000 жоғары сынып оқушысы өзінен кіші 10 мың оқушының «ұстазына» айналады.

Жасұлан Иманбаев, қамқоршы және «Қазақстан-Ресей болат өнеркәсібі компаниясының» директоры:
«Мен ауылда өстім. Мектепте оқыған кезде бізге ҚТЛ өкілдері келіп, тест алатын. Бұл біз үшін үлкен оқиға болатын. Бірақ, бірнеше рет талпынсам да, түсе алмадым. Сондықтан, ауыл балалары үшін мұндай жобалардың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бұл – өте үлкен мүмкіндік».

Айта кетейік, биыл финал рәсімінің бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Холдинг басшысы Тимур Турловтың өзі де көп жылдан бері IQanat қамқоршысы болып, жоба ашылған уақыттан бері қолдау көрсетіп келеді.
Финал қорытындысы бойынша қатысушылардың бір бөлігі IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында оқуға грант иеленеді. Өзге финалистер үш жылдық интенсивті IQ-IP бағдарламасына қосылады.
Биылғы қатысушылар үшін Олимпиада үлкен жолдың бастауы болмақ. Бұл жол оларды әлемнің үздік университеттеріне, жеке кәсібін ашуға немесе арманындағы мамандығына бастайды.
