Іс-шараның құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ардагері генерал-майор Ерсайын Рүстемханов қатысып, жас жауынгерлерге арнайы ерлік сабағын өткізді.
Генерал-майор Ерсайын Рүстемханов жас жауынгерлермен кездесті
154
оқылды

5451 әскери бөлімінде 2026 жылдың 1-шақырылымымен әскери қызметке келген жас сарбаздармен тағылымы мол кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ардагері генерал-майор Ерсайын Рүстемханов қатысып, жас жауынгерлерге арнайы ерлік сабағын өткізді.

Кездесу барысында генерал-майор өзінің әскери қызмет жолында жинаған мол тәжірибесімен бөлісіп, Отанға адал қызмет етудің маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Ол әскери қызметтің үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететінін, ал әрбір сарбаздың басты міндеті – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау екенін ерекше атап өтті.

– Сіздер бүгін әскери өмірдің алғашқы қадамдарын бастап отырсыздар. Алдағы уақытта тәртіптілік, батылдық, төзімділік және Отанға деген сүйіспеншілік сіздердің басты серіктеріңіз болуы тиіс. Әскери антқа адал болып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарыңыздар, – деді Ерсайын Шамғонұлы.

Ерлік сабағы барысында әскери қызметтің маңыздылығы, жауынгерлік рух, әскери ұжымдағы бірлік пен өзара қолдау туралы тағылымды ойлар айтылды. Сонымен қатар генерал-майор жас сарбаздардың сұрақтарына жауап беріп, оларға ақыл-кеңесін айтып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Жас сарбаздар үшін мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Себебі өмірін әскери қызметке арнаған тәжірибелі офицерлердің өнегесі мен ақыл-кеңесі олардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін арттыра түседі.

Кездесу соңында жас жауынгерлер генерал-майор Ерсайын Шамғонұлы Рүстемхановқа тағылымды әңгімесі мен ақыл-кеңестері үшін алғыстарын білдірді. Олар әскери антқа адал болып, Отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.