Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті.
Президент Польша Сенатының Маршалын қабылдады
167
оқылды

Кездесу барысында екіжақты ынты­мақ­­тастықты нығайту және қос елдің заң шы­ғарушы органдары арасындағы байла­нысты кеңейту мәселелері талқыланды.

– Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпал­дастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді, – деді Мем­лекет басшысы.

Әңгімелесу барысында тарихи тамырлас­тыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.

Малгожата Кидава-Блоньска қонақ­жайлық танытқаны үшін Мемлекет бас­шы­сына шынайы ризашылығын білдірді.

– Сізбен кездесуді үлкен мәртебе санаймын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымның мәні ерекше. Біз еліңізге поляк халқы үшін елеулі кезеңде келіп отырмыз. Яғни отандастарымыздың осы жерге күштеп жер аударылғанына 90 жыл толды. Оларға қазақ халқы сүйеу болып, қилы заманда қол ұшын созды. Бізді ортақ тарих қана емес, келешектегі мол мүмкіндіктер де біріктіреді. Польша үшін аймақтағы жетекші елдердің бірі са­налатын Қазақстанмен ынтымақтас­тықты дамыту аса маңызды, – деді Сенат Мар­шалы.