Қазір ғылымда жасанды интеллектіні қолдану қалыпты жағдайға айналды. Мысалы, 2024 жылы Digital Education Council жүргізген халықаралық зерттеу нәтижесінде әлем бойынша студенттердің 86%-ы оқу процесінде ЖИ құралдарын тұрақты түрде қолданатыны анықталған.
Білім берудің бірегей бағыты
101
оқылды

Ал олардың 54%-ы ЖИ-ді апта сайын пайдаланады. Сондай-ақ зерттеу барысында студенттер арасындағы ең танымал ЖИ құралы ChatGPT екені белгілі болған. Студенттердің 66%-ы аталған техноло-гияның көмегіне жүгінеді. Ауқымды зерттеуге әлемнің 16 елінен 3 800-ден астам студент қатысқан. 

Қазақстанның білім жүйесі де осыған дейін оқу процесінде ЖИ қолдану туралы өз ұстанымын бекіткен. 2024 жылы ел астана­сында өткен «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» саммитінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми жұмысты жазу кезіндегі ережені түсіндірген еді. Министрдің мәлімдеуінше, енді магистрлік, докторлық немесе студенттік жұ­мыс­ты жазғанда, ЖИ-ді қолдануға рұқсат беріледі. Ең басты шарт – студент мәтіннің ЖИ-мен жазыл­ғанын көрсетуге тиіс.

Десек те, жоғары білім беру жү­йе­сінде ЖИ-ді қолдануға қа­тыс­ты сан алуан пікір бар. Бірі жа­санды зерденің келуі білім жүйе­сіндегі жылдар бойы үзілмей келе жатқан олқылықтарды әш­кере­леді десе, енді бірі универ­ситеттер ЖИ-мен өмір сүруді үйренуге тиіс екенін алға тартады. Осыған сәйкес, біз таяуда ғана Алматыда өткен Орталық Азия­дағы алғашқы IAUP (Халықара­лық университет президенттері қауымдастығы) конференция­сының аясында жоғары білім беру саласындағы тәжірибелі ма­ман­дардың пікірін сұрап біл­дік. Жиынға әлемнің 15-тен ас­там елінен, соның ішінде Орта­лық Азия, Еуропа, Солтүстік Аме­рика және Азия-Тынық мұ­хи­ты өңірінен 100-ден астам уни­верситет басшылары қатысты. Іс-шараны Almaty Management University (AlmaU) және IAUP ұйымдастырған. Конференция барысында отандық және шетел­дік білім жүйесінің сарапшылары ЖИ дәуіріндегі жоғары білімнің трансформациясы туралы газеті­мізге пікір білдірді. 

Әлемдегі білім беру жүйесінің бо­лашағын зерттейтін халықара­лық Global Education Futures зерт­теу орталығының негізін қалау­шы әрі директоры Павел Лукша бүгінгі жоғары білімнің басты мәселесі – қоғам сұраны­сына толық жауап бере алмауында екенін қадап айтты. Оның сөзін­ше, қазіргі жүйе бұрынғыдай кү­тілетін нәтижелерді бере алмай отыр. 

– Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қазіргі индустрия­лық университет моделі шамамен 200 жыл бұрын қалыптасты. Сол уақыттан бері оның негізгі құры­лымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Ол өз кезеңінде тиімді жұ­мыс істеді, бірақ бүгінгі әлем мүлде басқа деңгейде. Ол кезде жоғары технологиялар, жасанды интел­лект секілді жаңалықтар болған жоқ. Ғылым мен технология бірнеше елде ғана шоғырланды. Ал қазір әлем халқы бірнеше есе өсті. Қоғам күрделене түсті. Өзге­рістердің жылдамдығы артты. Технологиялар бұрын-соңды бол­ма­ған деңгейде дамыды. Алай­да соған қарамастан универ­ситеттердің көбі бұрынғы мо­дель­мен жұмыс істеуді тоқтатқан жоқ. Соның салдарынан универ­ситеттің қоғамға беруге тиіс нә­ти­желері мен нақты беріп отыр­ған нәтижелері арасындағы ал­шақ­тық ұлғайып барады. Бұл жағдайды қоғам да байқап отыр деп ойлаймын. Мысалы, кейінгі жылдары дамыған елдерде жоға­ры білімге деген сенім ең төмен деңгейге жетті. Қазір халықтың шамамен жартысы жоғары білімді аса құнды деп есептемейді. Мұндай көрсеткіштер универ­ситеттер тарихында бұрын-соңды болмаған, – деді Павел Лукша.

Он студенттің біреуі ғана ЖИ-дің толық мүмкіндіктерін түсінеді

Әлеуметтік желілерде жазыл­ған пікірлерге назар аудар­сақ, оқу орнындағы студенттердің көбі дип­ломдық жоба, магистрлік дис­сертация сынды жұмысты жазу барысында ЖИ құралдарын қолданатынын аңғаруға болады. Расында, сырт сөзге мыңдаған студент күнделікті ЖИ пайда­ланатын­дай болып көрінгенімен, мамандар жүргізген зерттеулер мұны жоққа шығарады. Дәлірек айтсақ, студенттердің басым бө­лігі ЖИ-дің кәсіби пайдалану­шысы деуге келмейді. Павел Лук­ша бұл пікірді былайша тар­қатты. 

– Студенттердің ЖИ-ді пайда­лану деңгейі біз ойлағандай жоғары емес. Біз арнайы зерттеу жүргізіп, студенттердің бұл құрал­дарды қалай қолданатынын талдадық. Нәтижесінде, студент­тердің басым бөлігі ЖИ-ді үй тапсырмаларын орындау немесе эссе жазу үшін ғана пайдалана­тыны анықталды. Ал әр бесінші студент қана оны шығармашылық немесе күрделі міндеттерді шешу үшін қолданады. Тіпті, он сту­денттің біреуі ғана ЖИ-дің толық мүмкіндіктерін түсінеді, яғни агенттер құру, бағдарламалау, күр­делі процестерді автомат­тандыру секілді функцияларды меңгерген студенттер өте аз. Олар көбіне дайын құралдарды ғана қолданады. Ал ЖИ-ді білім беру серіктесі, шығармашылық не­месе даму құралы ретінде пайда­ланатындар әзірге аз, – деді ол.

Университтер өзінің қоғамдағы рөлін қайта қарастыруға тиіс

Сарапшының бұл көзқарасын Digital Education Council жүр­гізген зерттеу нәтижелері де растайды. Зерттеу қорытындысы бойынша, студенттердің 58%-ы ЖИ бойынша білімі жеткіліксіз екенін мойындаса, 48%-ы өзінің ЖИ қолданылатын еңбек нары­ғы­на дайын емес екенін айтқан. ЖИ-дің кең таралуына қарамас­тан, әрбір екінші студент өзін осы технологиямен жұмыс істеуге толық дайынмын деп есеп­темейді. 

– Бұдан да маңызды мәселе – көптеген университеттің өзі өзгерістерге дайын емес. Олар студенттердің әрекеттеріне жауап беруге тырысады, бірақ мәселенің түпкі себебін қарастырмайды. Мы­салы, бұрынғыдай эссе жаз­дыруды жалғастырып, кейін оның ЖИ көмегімен жазылғанын анықтауға күш салады. Бұл сал­дар­мен күресу ғана. Біздің халық­аралық зерттеулер көрсеткендей, мұндай тәсіл мәселені шешпейді. Себебі университеттің өзі өзгеруі қажет. Ол ең әуелі өзінің қоғам­дағы рөлін қайта қарастыруға тиіс. Әрине, адамдар бүгінде бі­лім­ді университеттен тыс жерден де ала алады. Онлайн платформа­лардан немесе ЖИ құралдарының көмегімен үйренуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл университеттің қажетсіз екенін білдірмейді. Ке­рі­сін­ше, университеттер өздері­нің бірегей функцияларына назар аударуға тиіс. Ол студенттерді ойлауға, ақпараттың шынайы­лығын бағалауға, бірлесіп жұмыс істеуге және күрделі мәселелерді шешуге үйретуі керек, – деді Global Education Futures зерттеу орталығының негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукша.

Анықтау жүйелеріне толық сенуге болмайды

Ал еліміздегі жоғары оқу орын­дарына ЖИ қалай әсер етті? Қазақстандық университеттер академиялық адалдық пен техно­логиялық прогресс арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтап отыр? Бұл туралы AlmaU университеті Цифрлық технологиялар және эко­номика мектебінің деканы Ар­ман Көмекбаевтан сұрап біл­дік. 

– Студенттердің ChatGPT, Google және басқа да ұқсас құралдарды қолдануы – заңды әрі табиғи құбылыс. Біз мұнымен өмір сүруді үйренуіміз тиіс. Қазіргі халықаралық тәжірибеде студенттер ЖИ-ді қай жерде және қандай мақсатта пайдалан­ғанын көрсетуге міндетті. Тіпті, ЖИ-ге берген сұраныстары (prompt) да диссертация немесе диплом жұмысының ішінде көрсетілуі қажет. Бұл академия­лық адалдық қағидатымен байла­нысты. Біз ЖИ-ді пайдалануға тыйым салмаймыз. Алайда сту­дент оны қай жерде және қалай қол­данғанын ашық көрсетуі қа­жет. Бұл олардың бағасына оң немесе теріс әсерін тигізбейді. Ол кәдімгі ғылыми мақала жазған кез­де әдебиеттерге сілтеме жаса­ған­мен бірдей. Қазір антиплагиат жүйелері мәтіннің белгілі бір бөлігі ЖИ көмегімен жазылған болуы мүмкін деген болжам береді. Бірақ бұл нақты дәлел емес. Мәтінді ЖИ жазды деп нақты айту мүмкін емес. Мысалы, біз арнайы тәжірибе жүргіздік. Мен мәтінді толықтай өз сөзім­мен жаздым, бірақ кейбір жүйе­лер оны ЖИ жазған мәтін ретінде анықтады. Керісінше, ЖИ арқылы дайындалған мәтіндер де кей жағдайда тексеру жүйелерінен еш қиындықсыз өтеді. Сондық­тан мұндай анықтау жүйелеріне толық сенуге болмайды. Ең маңыз­­дысы, студенттің тақы­рыпты қаншалықты түсінетінін анықтау, – деді маман.

Онымен қоса, сарапшы қа­зіргі оқу жүйесі студенттердің білі­мін бағалаудың жаңа тәсіл­дерін қажет ететінін атап өтті. Оның пайымдауынша, ЖИ-дің пайда болуы білім беру жүйесінде жаңа дәуірдің басталуына себеп болды.

– Бұрын компьютерлер мен интернет алғаш пайда болған кезде де осындай пікірталастар бол­ған. Сол уақытта адамдар ин­тер­неттің білім беру процесіне әсері туралы алаңдады. Уақыт өте келе қоғам жаңа технология­лар­мен жұмыс істеуді үйренді. Сон­дық­тан жақын арада ЖИ-мен тиімді жұмыс істеудің жолдары да қалыптасады деп ойлаймын. Ал студенттердің ЖИ қолдануы туралы айтар болсам, бұл жайлы арнайы тәжірибе жүргізіп көр­медік. Бірақ біздің ұстанымымыз анық. Студент қандай құрал қол­данса да, ең бастысы – тақырып­ты түсінуі. Мысалы, бағдарлама­шы мамандығында оқитын студент дипломдық жоба ретінде белгілі бір бағдарламалық өнім әзірлейді. Иә, ол бағдарламаны жазу барысында ЖИ-ді пайда­лануы мүмкін. Бірақ егер студент жүйенің логикасын, архитек­тура­сын және жұмыс істеу принцип­терін толық түсінсе, онда мұның ешқандай теріс ықпалы жоқ. Сту­дент тек өзінің жұмысын жыл­дамдатқан болып есептеледі, – деді ол. 

Студенттердің 8%-ы ғана ЖИ құралдарын пайдаланбайды

Деканның айтуынша, қазір­дің өзінде Қазақстандағы бір­шама оқу орындары ЖИ мүмкін­дік­терін пайдалану бойынша маңызды қадамдарға бет бұрған. Мұндай жобалар практика мен теорияны қатар қамтиды.

– Университетімізде барлық студент мамандығына қарамастан «Цифрлық дағдылар және жасан­ды интеллект» пәнін оқиды. Бұл пәннің мазмұны тұрақты түрде жаңартылып отырады, өйткені жаңа құралдар мен модельдер үнемі пайда болып жатыр. Біз студенттерге ең өзекті деген білімді беруге тырысамыз. Со­нымен қатар қаржы, экономика сияқты бағыттарда оқитын студенттер Python бағдарламалау тілін, сондай-ақ ЖИ көмегімен деректерді талдауды меңгереді. Біз қазір осындай пәндерді бар­лық мамандыққа енгізіп жатыр­мыз,  – деді Арман Көмекбаев. 

2025 жылы Higher Education Policy Institute (HEPI) жүргізген зерттеу негізінде Ұлыбритания­дағы студенттердің 88%-ы ChatGPT сияқты құралдарды оқу тап­сыр­маларын орындау үшін пай­даланғанын мәлімдеген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 53% болған. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ