Полиция қызметкерінің айтуынша, бүгінде Амангелді тәрбиелі әрі мақсатшыл болып өсіп келеді.
11 жыл бұрын Атыраудағы полицей сәбиді дәретхананың шұңқырынан шығарып алған
269
оқылды

Атырау облысының Жылыой ауданында осыдан 11 жыл бұрын жаңа туған сәбиді әжетхана шұңқырынан құтқарып қалған полиция қызметкері Амангелді Мұқашев бүгінде өз есімі берілген баламен әлі күнге дейін байланысын үзбеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, оқиға жас полиция қызметкері кезекшілікте жүрген кезде болған. Сол күні «102» арнасына жекеменшік үйлердің біріндегі әжетхана шұңқырынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабарлама түскен.

«Оқиғаны алғаш көрген медицина қызметкері сәбидің шетінеп кеткеніне сенімді болды. Бірақ бір сәтте оның жылаған дауысын естідік. Сол кезде баланың тірі екенін түсіндім. Әр секунд қымбат еді», – деп еске алады Амангелді Мұқашев.

Нәрестеге жету үшін полиция қызметкері шұңқырға өзі түскен. Оның айтуынша, сәби ол жерде жолдасымен бірге жатқан. Мұндай жағдайда баланың да, оны құтқаруға түскен адамның да өміріне қауіп төнген.

Сәби жоғарыға шығарылғаннан кейін бірден дәрігерлерге тапсырылды. Кейін мамандар аз ғана кідірістің өзі нәрестенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін болғанын айтқан.

Қазір Амангелді Мұқашев Жылыой аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторын басқарады. Ол құтқарып қалған баламен әлі күнге дейін араласып тұратынын жеткізді. Балаға өз құтқарушысының құрметіне Амангелді есімі берілген.

Полиция қызметкерінің айтуынша, бүгінде Амангелді тәрбиелі әрі мақсатшыл болып өсіп келеді. Ол баланың болашақта елге адал қызмет ететін азамат боларына сенім білдірді.