Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы жазбаларымен танылған блогер Түркияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Атырау облысының тұрғыны елге жеткізілгеннен кейін Алматы қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Instagram әлеуметтік желісі арқылы Атыраудың екі тұрғынын алдап, олардың 3 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
Блогер бұған дейін Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы ақпараттар жариялап, өзін дербес тергеу жүргізген хакер ретінде таныстырған еді. Бірақ полиция оның ешқандай жеке іздестіру немесе тергеу жұмыстарын жүргізбегенін мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол әлеуметтік желіде ресми тергеу барысында анықталған ақпараттарды өз атынан жариялап отырған.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалы жалғасып жатыр.
