Оның айтуынша, рэпер соңғы рет Паттайядағы жағажайда көрінген.
Тайландта жоғалып кеткен қазақстандық рэпер іздестіріліп жатыр
160
оқылды

Әлеуметтік желілерде танымал қазақстандық рэпер Дархан Жұмабектің, көпшілікке «Кисло-Сладкий» лақап атымен танылған өнер иесінің Тайландта жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл мәліметті режиссер Парасат Ибраев растады. Оның айтуынша, рэпер соңғы рет Паттайядағы жағажайда көрінген.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода Дархан Жұмабектің оғаш әрекеттері байқалатыны айтылуда.

Парасат Ибраевтың сөзінше, ол рэпермен соңғы рет кешкі уақытта сөйлескен. Дархан келесі күні Пхукетке ұшып барып, жоспарланған түсірілім жұмыстарына қатысуы тиіс болған.

«Ол бүгін түсірілім үшін Пхукетке келуі керек еді. Қазір полиция бөлімшесіне барып, бейнебақылау камералары арқылы іздеу жұмыстарын бастаймыз. Ол Бангкоктан Пхукетке ұшуы тиіс болған. Әзірге елшілікке хабарласқан жоқпыз», – деді режиссер.

Оның айтуынша, рэпер Тайландқа досымен бірге барған. Пхукетте екі музыкалық бейнебаянның түсірілімі жоспарланған.

«Бұл ешқандай промо немесе жарнама емес. Мен оны шынымен таба алмай жатырмын. Көп адам хабарласып жатыр, сондықтан қатты алаңдай бастадым. Біз бүгін түсірілімді бастауымыз керек еді», – деді Парасат Ибраев.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты өзге мәліметтер жарияланған жоқ. Рэпердің қайда екені әзірге белгісіз.