Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған.
Ақмола облысында тағы да балық қырылды
227
оқылды

Ақмола облысында балықтың жаппай қырылу дерегі тағы да тіркелді. Бұл жолы өлі балықтар Зеренді ауданына қарасты Викторовка ауылының маңындағы көлден табылды,- деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен фотосуреттерде су бетіне қалқып шыққан ондаған, тіпті жүздеген өлі балықтың көл айдынын жауып жатқаны айқын көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған. Бұған дейін дәл осы аумақта өндірістік кәсіпорындардың ағынды сулары салдарынан балық қырылғаны туралы мәселе көтеріліп, тексеру нәтижесінде кәсіпорын жауапкершілікке тартылған еді.

Алайда арада көп уақыт өтпей жатып, өңірде балықтың тағы да жаппай қырылуы қоғамның алаңдаушылығын күшейтіп қоғамдық резонанс туғызып отыр. Әзірге балықтардың неден қырылғаны белгісіз.

Оқиғаға байланысты Ақмола облыстық ветеринария басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, аудандық ветеринариялық қызмет мамандары оқиға орнына барып, қырылған балықтардан биологиялық материалдардың сынамаларын алады. Кейін олар облыстық ветеринариялық зертханаға жіберіліп, кешенді зерттеу жүргізіледі.

– Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша балықтардың қырылу себебі анықталады, – деп хабарлады басқармадан.

Ал Зеренді ауданы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиға орнында ветеринариялық қызмет пен балық инспекциясының мамандары жұмыс жүргізіп жатыр.

– Балықтың қырылу себептерін анықтау мақсатында тиісті тексеру басталды. Көл Викторовка ауылының маңында орналасқан, – деп мәлімдеді Зеренді ауданы әкімдігі.

Әзірге мамандар нақты қорытынды жасаған жоқ. Дегенмен, бір өңірде балықтың қайталай қырылуы экологиялық ахуалға қатысты сұрақтарды көбейтіп отыр. Енді жергілікті жұртшылық зертханалық зерттеу нәтижесін тағатсыздана  күтіп отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы