Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті. Әрі стратегиялық ынтымақтастықтың келесі деңгейін қалыптастыру үшін қажет негізгі үш мақсатты атады. Мемлекет басшысы 2015 жылы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге (EPCA) қол қойылғаннан кейінгі он жылда Еуропа одағы Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналғанын тілге тиек етті.
«Елімізде мыңдаған еуропалық компания табысты жұмыс істеп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруға жәрдемдесе отырып, Еуропаға да пайда әкеліп жатыр. Алайда тез құбылып жатқан әлемде бұл жеткілікті ме? Менің ойымша, олай емес», – деп жазды Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Брюссельге айқын мотивация және нық сеніммен оралғанын, Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік бұрынғыдан да маңызды бола түскенін, оны нығайта беру қажет екенін жазды. Бұл ынтымақтастық екі жақ үшін үш нақты стратегиялық мақсатты көздейтінін атады.
Қазақстан Президенті ынтымақтастықтың келесі сатысы бірінші кезекте тұрақтылықты нығайтуға, екіншіден барлық деңгейдегі байланыстарды кеңейтуге, үшіншіден азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуға тиіс екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті өз мақаласында бұрын айтылып келген геосаяси болжамдар жүзеге аспағанын, енді география мен күш алдыңғы қатарға шыққанын айта келе, бәсекелестіктің күшеюі сауда, технология және инвестиция ағындарын тез өзгертіп жатқанын жазды.
«Бәсекелестіктің жаңа толқыны сауда, технология мен инвестиция ағынын қарқынды түрде өзгертуде. Жаһандық жеткізу тізбегі әлсіреді. Ендігі жерде сауда-экономикалық байланыстар ұлттық қауіпсіздіктің құрбанына айналып барады.
Еуропа жақсы білетіндей, мұндай жағдайда елдер не қарсылас блоктарға бірігеді немесе өзара құрмет пен ортақ мүддеге негізделген жаңа серіктестіктер құрады.
Қазақстан да мұны жақсы түсінеді: географиямыз бізді құрлықтардың түйіскен жеріне орналастырды, ал сыртқы саясатымыз оларды бір-бірімен байланыстыруды көздейді», – деп жазды Президент.
Сонымен қатар ол Қазақстанның өзара байланыстырушы рөлінің артып келе жатқанын, еліміздің жалпы ішкі өнімінің былтыр 306 млрд долларға жеткенін, биыл 360 млрд доллардан асатыны жөнінде болжам бар екенін айтты. Бұған қоса, Қазақстан Еуропа үшін қуатты серіктес екенін жазды.
Сондай-ақ мақалада Қазақстанның БҰҰ жарғыларын берік сақтайтынын, диалогтарға шақырып, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ұмтылатынын атап өтті. Еуропа Одағының мұнай және мұнай өнімдеріне деген сұранысының 13%-ын, уран импортының 16%-ын Қазақстан қамтамасыз етіп отырғанына тоқталды.
Мақалада энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, инвестиция, қауіпсіз және тиімді стратегиялық көлік бағыттары, жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар, білім, ғылым жөніндегі ойлары айтылған.
Мақаланың толық нұсқасын Euronews сайтының Euroviews бөлімінен ағылшын тілінде оқуға болады.
А.СҰЛТАН
