Заманауи хореография тілінде баяндалған сан қырлы махаббат хикаясы бұл жолы да аншлаг жинауда. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова тәжірибесімен бөлісу, ұрпақтар сабақтастығын жүзеге асыру стратегиясын жалғастыруда: ол ХХ ғасырдың ең күрделі материалында өсуге мүмкіндік бере отырып, басты партияларды жастарға әдейі сеніп тапсырады. Бұл жеміс береді – маусымның үш кешінде бірден екі жарқын премьера болады.

19 маусымда көрермен Ислам Қайыпбайды адуынды архидьякон партиясынан көреді. Бұл оның өзінің құмарлығымен жаншылған адам Клод Фролло бейнесіндегі алғашқы ойыны. Жаңа рөлде ол ішкі арпалысты көрсетуі керек. Сол кеште Эсмеральданы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева, Квазимодо партиясын Серік Нақыспеков, ал Феб партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев орындайды.
- Мен Алтынай Абдуахимқызына маған артқан сенімі үшін, сондай-ақ тәлімгер ұстаздарыма да алғысымды білдіремін. Сөзсіз, бұл әрі қарай дамуға шабыттандырады әрі ынталандырады. Фролло партиясына дайындық – ең алдымен, бейнені сомдау бойынша терең жұмыс. Қиындық орындаудың техникалық жағында және менің кейіпкерімнің күрделі ішкі әлемін жеткізу қажеттілігінде. Мен Фроллоны ішкі қарама-қайшылыққа толы, парыз, сенім, билік және адамның күшті сезімдері арасында аласұрған жан ретінде көремін. Мен үшін бұл ішкі күресті пластика, қозғалыс драмасы және актерлік шеберлік арқылы көрсету маңызды, сондықтан көрермен тек зұлым адамды емес, ең алдымен тірі адамды көреді», – деп түсіндірді Ислам Қайыпбай.

20 маусымда Амир Хван алғаш рет корольдік атқыштар капитаны ретінде сахнаға шығады. Бұл виртуоздық техника мен актерлік тереңдікті қажет ететін партия: Р.Пети Фебтен «көздің жауын алатын қабықтың ішіндегі бос орынды» талап етті. Осы кеште Эсмеральданы Шұғыла Әдепхан, Квазимодоны Ғалымжан Нұрмұхамет, Фролоны Айбар Тоқтар бейнелейді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның жанкүйерлері 21 маусымға билеттерді сатып алып үлгерді. Оны әлемдегі ең үздік Квазимодо деп айтсақ, артық емес. Ол Р.Петидің өсиетіне сүйене отырып, өзінің өркешін билетеді: «Балеринаның денесі – аспап, ал Квазимодоның денесі – тағдырдың сынған сызығы». Оның орындауында «Менің Эсмеральдамды бер!» ақтық адажиосы залды сап тыйып, жылатады. Фролло партиясын Арман Уразов, ал Эсмеральда рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева, ал Фебті Диас Құрманғазы орындайды.

Ролан Петидің қойылымындағы «Париж Құдай анасының соборы» балеті 1965 жылы Париж операсы үшін шығарылды. Либреттосы мен хореографиясы маэстроның өзіне тиісілі, сценография авторы – Рене Аллио, ал костюмдерді аңызға айналған Ив Сен-Лоран ойлап тапты. «Астана Операда» балет 2016 жылдан бері қойылып келеді және үнемі лық толық зал жинайды.
