Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев жақында өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желіде көңіл толқытарлық жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әнші ата-анасының суреттерін бөлісіп, қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан барша жанға алғыс білдірді.
«Қайғы бөліссе азаяды» деген сөздің маңыздылығын осындайда түсінеді екенсің. Қайғырып көңіл айтып, жұбату сөздерін жолдап жатқан ағайын-дос, құрбы-замандас, көз көргендер мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың шын ниет, жылы жүректерінен шыққан сөздері расында жаныңа жеңілдік сыйлайды екен. Сондықтан да барлықтарыңызға өз атымнан ризашылығымды айтып, ақ адал көңілдеріңіздің алдында басымды иемін. Мың да бір рақмет!», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол анасына деген сағынышын жеткізіп, жүрекжарды ойын бөлісті.
«Түн ұйқыңды бөліп, ақ бесігіме төніп, ақ сүтіңді берген анашым, перзенттік парызымды өтей алдым ба екен. Білмеймін. Болса, ендігі дұғам арқылы, жүрегімде сарқылмас сағынышым арқылы өтермін. Жалғандағы жарығым, аналық ақ тілегіңмен тірек болған қорғаным едің ау. Енді кімге сенім артып, кімнен қорған тілермін. Аяулым – анам. Мәңгілік әлди – әнім менің!», – деп жазды Нұрлан Өнербаев.
Желі қолданушылары әншіге көңіл айттты.
