Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөз сөйледі
174
оқылды

Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Бұл туралы Ақорда жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті. 

– Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұласқанын аңғартады. 

Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді.