Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді.
Қазақстан Түрікменстанға құны 200 миллион доллардан асатын 178 экспорттық тауар ұсынды
214
оқылды

Қазақстан Түрікменстанға құны 200 млн АҚШ долларынан асатын 178 экспорттық тауар позициясын ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Астанада Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы аясында Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған нақты шаралар талқыланды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда екіжақты тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 530 млн АҚШ долларынан асты. Өсім екі тараптан да қамтамасыз етілуде. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты шамамен 50%-ға артып, 316,3 млн АҚШ долларына жетсе, Түрікменстаннан импорт көлемі бес есеге ұлғайып, 215,8 млн АҚШ долларын құрады.

Оң үрдіс биыл да жалғасуда. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 180 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты 18,9%-ға артып, 114,8 млн АҚШ долларына жетті.

«Сауда ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстан экспорттық әлеуеті 200 млн АҚШ долларынан асатын шикізаттық емес 178 тауар позициясының тізбесін әзірледі. Экспорт көлемін ұлғайту үшін ең жоғары әлеует металлургия, машина жасау, тамақ, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, көлік құралдарын өндіру, фармацевтика және құрылыс материалдары салаларында шоғырланған», – деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Отырыс барысында іскерлік байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өзара сауда үйлерін құру, цифрлық сауданы дамыту, тауар айналымын ұлғайту жөніндегі Жол картасын келісу және сауданы қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.

Сонымен қатар сауда үйлері негізінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды және саудадағы кедергілерді жоюды қамтитын кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және өзара сауда көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.

«Агроөнеркәсіптік кешенде, тоқыма өнеркәсібінде, энергетика, көлік және логистика салаларында ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Қазақстан мен Түрікменстан Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын осы дәліздің маңызды қатысушылары болып саналады. Көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және логистикалық рәсімдерді одан әрі жеңілдету екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді  QazTrade  АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, тараптар логистика саласындағы кооперацияны кеңейтуге де мүдделі. Бұл жүк тасымалының тиімділігін арттыруға, екі елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және өзара сауданың одан әрі өсуіне ықпал етеді.

Форум қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда,  QazTrade  сауда саясатын дамыту орталығы  АҚ мен Түрікменстан Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында кәсіпкерлікті қолдау, экспортты ілгерілету және екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ  Silk Way Asia Trade  ЖШС мен  Hazar Logistik  шаруашылық қоғамы, сондай-ақ  Silk Way Asia Trade  ЖШС мен  Gamma  жеке кәсіпорны арасында электронды  коммерция саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісімдер жасалды. Бұдан бөлек,  Ashra Solutions  ЖШС мен  Ojar Aziýa жеке кәсіпорны арасында инвестициялық-құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

«Форумның негізгі бағыты – B2B форматындағы келіссөздер. Біз трейдерлер мен дистрибьюторларды ғана емес, өндіруші кәсіпорындарды да шақырдық. Мақсат – тікелей байланыстар орнатып, сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыру. Мысалы, тоқыма саласында жіп пен мата өндірушілер мен дайын өнім шығаратын қазақстандық тігін кәсіпорындары арасында тікелей ынтымақтастық орнатуға жоғары қызығушылық байқалды. Форум алаңында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға деген айқын қызығушылық көрінді. Бір алаңда Қазақстаннан 100-ден астам компания мен Түрікменстаннан 40-тан астам бизнес өкілінің басын қоса алдық», – деді QazTrade  АҚ экспортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.