Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйледі.
Қазақстан һәм Еуроодақ: Сенімді серіктестіктің жаңа деңгейі
183
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.

– Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестиция­ның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзін­де екіжақты тауар айналымы 45 миллиард дол­лардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойын­далды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбас­шылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырым­дамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұлас­қанын аңғартады.

Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы эко­номикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді.

– Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 мил­лиард долларға жетеді. Қазіргі уақытта экономикамыз­дың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвес­тицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктерге, сайып келгенде, кешенді әрі жүйелі реформалар түрткі болды. Қазақстанда барынша ашық, бәсекеге қабілетті әрі инвесторларға қолайлы экономика құру мақсатында ауқымды саяси және экономикалық жаңғырулар жүргізіліп жатыр. Біз демократиялық институттарды күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдірдік, заң үстемдігін орнаттық және адам құқықтарын қорғау аясын кеңейттік. «Заң мен тәртіп» қағидатын мүлтіксіз сақтау ішкі саясатымыздың өзегіне айналды. Таяуда өткен тарихи жалпыұлттық референдум да инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заманауи институционалдық база қалыптастыруға септігін тигізді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енді инвесторларға «бір терезе» қағидатына сәйкес толыққанды қызмет көрсетеді, ал Инвестициялық кеңес инвестицияға қатысты түйткілді мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз жаңа ынталандыру тетіктерін енгізе бастадық. Мысалы, Altyn Visa бағдарламасы халықаралық инвес­торларға салық және көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – саяси тұрақты, макроэкономикалық көрсет­кіштері орнықты, экономикасы ашық әрі нарық реформа­ларына бейіл ел. Ал мұның бәрін инвесторлар ерекше бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Содан кейін Президент ынтымақтастықтың перспек­тивті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі еуропалық серіктес­терге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыс­тыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты.

– Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым теміржол салуға және Транскаспий ха­лықара­лық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті. Соңғы алты жылда аталған бағыт бойынша жүк тасымалы бес есе – жыл сайын 0,8 миллион тонна­дан 4,1 миллион тоннаға дейін өсті. Дәліздің жүк өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейміз. Бұл меже еліміздің әлемдік логистикада маңызды күрежол ретіндегі позициясын нығайтады. Осы қарқынды сақтау үшін Қазақстан соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салды. Бүгінде Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау және Құрық порттары халықаралық транзиттің маңызды қақпасы ретінде қызмет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында, сондай-ақ құрамына Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank кірген Банктер синдикаты MIGA (Инвестициялық кепілдіктер жөніндегі көпжақты агенттіктің) кепілдігімен қол қойылған, құны шамамен 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аса маңызды минералдарды игеру бағытында Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.

– Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстары­ның тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қам­тамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орта­лығы­ның құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматика­лық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарт­тарына толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Энергетика саласындағы серпін

Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуропалық Одақты қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес әрі кепіл ел ретінде стратегиялық позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді.

– Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз. Осыған байланысты Каспий құбыр консор­циумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның өнеркәсіп секторы экономиканың орнықты өсімі мен әртараптан­дырылуына ықпал ететін берік тірек саналатынына назар аударды.

– Соңғы жылы еліміздің ІЖӨ-дегі өнеркәсіп секторының үлесі шамамен 27 пайызды құрады. Біз 190-нан аса жаңа өндіріс тізбегін іске қостық. Еуропалық компаниялар өнеркәсіп салаларын дамытуға белсенді атсалысып жатыр. Бұл жоғары бағаға лайық. Қазақстан мен Еуропалық Одақтың экономикалық ықпалдастығы түбегейлі өзгеріске ұшырап, локализацияға және қосылған құны жоғары өндіріс тізбегінің интеграциясына баса мән берілуде. Бұл мысалдар Қазақстан-Еуропа өнеркәсіп кооперациясының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы ретте еуропалық қаржы институттарының, ең алдымен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешу ұлттық күн тәртібіндегі маңызды басымдықтар­дың бірі ретінде аталды. Оның айтуынша, Қазақстан­ның агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Осы орайда Президент еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, астық дақылдарының селекциясы, жер игерудің дәлме-дәл технологиясы және топырақ құнарын арттыру секілді салаларда ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Содан соң Мемлекет басшысы жаңа замандағы жасанды интеллект рөлі жөніндегі пікірін жеткізді.

– Goldman Sachs болжамына сәйкес, ЖИ әлем экономикасына 7 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Осы жаһандық үдерістерге сай, біз алдымызға Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойдық. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл құрылымға қосымша Жасанды интеллектіні дамы­ту жөніндегі кеңес жасақталды. Аталған консультативтік орган құрамына жетекші отандық және әлемдік сарапшылар кіреді. Қазақстан – инновация жағынан дүниежүзінде көшбасшы саналатын NVIDIA техно­логиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан өңірдегі алғашқы ел. Бұдан бөлек, біз «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құрдық. Бұл – жаһандық капитал мен ірі технологиялық алпауыттар үшін тартымды жоба. Alem.ai халықаралық орталы­ғының жанынан Tumo және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды. Мақсатымыз – ұстаздардың біліктілігін арттырып, инфрақұрылымды жетілдіру және өскелең ұрпақ игілігі үшін дербес білім беру стандарттарын енгізу. Сондай-ақ Алатау «ақылды қаласын» стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән береміз. Жаңа Конституциямызға сәйкес, аталған қала айрықша құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл маңызды жоба криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне жол ашады, – деді Президент.

Сонымен қатар еуропалық бизнес өкілдеріне «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері таныстырылды.

Президент атап өткендей, Global Financial Centers Index рейтингінде АХҚО Шығыс Еуропа және Орта­лық Азия өңірі бойынша бірінші орын алады. Орта­лық­та әлемнің 90-нан астам елінен 5 800-ден аса компания тіркелген, оның ішінде 250-ге жуығы – Еу­ропа елдерінен. АХҚО арқылы еуропалық компаниялар үлестік қаржыландыру ретінде 307 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция салды.

Берік сенімнің жалғасы

Мемлекет басшысы Еуропаның қаржы және инновация институттарын Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге орнықты қаржыландыру және финтех-технологияларды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.

Президент адам капиталын дамыту тақырыбына тоқталып, Еуропалық Одақ әлдеқашан еліміздің ғылым және білім саласындағы жетекші серіктесіне айналғанын атап өтті.

– Еліміздің түкпір-түкпірінде қазірдің өзінде 40 шақты халықаралық академиялық және зерттеу орта­лық­тары жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Ан­хальт қолданбалы ғылым университетінің, Лота­рингия университетінің және Марке политехникалық университетінің өкілдіктері бар. Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бағдарламалар аясында Еуропалық Одақпен ықпалдастықты жолға қойды. Біз білімге негізделген экономика құрғымыз келеді. Сондықтан Horizon Europe келесі негіздемелік бағдарламасының қауымдастырылған мүшелігіне өту үшін өтініш бердік. Қазақстан экономикамен шектелмей, Орталық Азия елдеріне және басқа да мемлекеттерге біліктілігі жоғары мамандар даярлайтын өңірлік білім беру орталығы ретіндегі рөлін нығайта түседі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін алға тартып, Қазақстан бұл ретте шынайы стратегиялық серіктестікті жақтайтынын жеткізді.

– Ең бастысы, біз ортақ табысқа жеткізетін сенім мен ұзақмерзімді міндеттемені ұсынамыз. Еуропалық серіктестер табысы жоғары инвестициялық жобаларға белсенді түрде атсалысады деп сенеміз. Еуропалық қаржы институттарының Қазақстанның орнықты эко­номикалық дамуына және өңірлердің өзара бай­ланысын нығайтатын бастамаларға қолдау көрсеткенін құптаймыз. Осы орайда Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Банк вице-президенті Мора бүгін арамызда отыр. Сондай-ақ экономикалық диалог өрбітіп, Қазақстан мен Еуро­палық Одақтың сауда күн тәртібін ілгерілету ісінде жетекші рөл атқарғаны үшін комиссар Шефчовичке алғыс айтамын. Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы күш-жігері үшін Арнайы өкіл Стипрайсқа риза­шылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында бүгінгі пікір­таластар Қазақстан мен ЕО-ның стратегиялық серіктес­тікке қатысты ұстанымы ортақ екенін тағы да растағанын айтты.

– Орта дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен ұштастыру бойынша келісім үдерісі жүргізілуде. Біз Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі орнықты көлік жолының негізін қалап жатырмыз. Еуропаның инвестициясына және озық технология­сына айырбас ретінде маңызды қазба байлықтары мен қуат ресурстарын пайдалануға мүмкіндік беретін прагматикалық формуланы ұсыну арқылы сенімді серіктес болуға әзірміз. Жоғары технологиялық агро­бизнестен бастап жасанды интеллект саласындағы жаңа­шыл өнертабыстарға, АХҚО аясындағы қаржы­ландыру тетіктеріне дейінгі көптеген салада ұзақ­мерзімді интеграцияға ашықпыз. Үкіметіміз маңызды бастамаларды тез әрі табысты іске асыру үшін коммер­циялық ұсыныстарыңызды мұқият зерделейтін бо­лады, – деді Президент.