Жобаны Elorda Aqparat медиасеріктестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қолдау мақсатында өткізді.
Ашық диолог алаңында халықаралық тәжірибесі бар, IT, филология, педагогика және креатив индустрия салаларында танылған спикерлер кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және зерделі ұлт болу жолындағы тың ойларын ортаға салды.
Іс-шараның ашылуында Elorda Aqparat ЖШС директоры Олжас Сыдықбек сөз сөйлеп, Aqsham Talks жобасының мақсаты мен маңызына тоқталды.
– Aqsham Talks – білім, технология, саясат, кәсіп және тұлғалық даму секілді қоғам үшін маңызды тақырыптарды талқылауға арналған ашық алаң. Мұнда өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар тәжірибесімен бөлісіп, өмірлік сабақтары мен ой-пікірлерін көпшілікке ұсынады. Жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қолдау мақсатында қолға алдық. Атап өтерлігі, бүгіннен бастап «Астана ақшамы» газетінде арнайы Aqsham Talks айдары жарық көреді. Онда оқу мәдениеті, зерделі ұлт қалыптастыру, қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі мақалалар, сұхбаттар мен пікірлер осы айдар аясында тұрақты түрде жарияланатын болады, – деді Олжас Сыдықбек.
Ал Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Aqsham Talks жобасы секілді бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Elorda Aqparat медиасеріктестігі бастаған, Qazaq Creative Hub қолдау көрсеткен бұл жоба игі бастамалардың біріне айналады деп сенемін. Бүгінгі таңда осындай мазмұнды кездесулер өте қажет. Рухани дүниемізді байытып, ойлы орта қалыптастыратын іс-шаралар көбейе берсін. Бүгінгі басқосуға әр саланың білікті мамандары мен өз ісінің үздіктері жиналып отыр. Олар оқу мәдениеті мен ұлт болашағы туралы келелі ойларын ортаға салады деп сенемін, – деді сенатор.
Іс-шара барысында филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы ұсынған «Қоғамның басты мақсаты – тек кітап оқитын емес, балаларға кітап оқып беретін ұлтқа айналу» және «кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы ата-ананың рөлі» туралы ойлары жиналған көпшілікті бейжай қалдырмады десек болады. Оның айтуынша, баланың миы оқуға, ойлауға және талдауға дәл осындай ортада бейімделеді.
– Оқу – құр ақпарат жаттау немесе мораль қабылдау ғана емес. Бұл – мінез қалыптастыратын үдеріс. Біз қандай жағдайда ақыл білімінен жеңілмейтін, ойы мен мінезі үйлескен ұлт қалыптастыра аламыз деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Адам қанша кітап оқыса да, мінезі дұрыс болмаса, алған білімі толық пайдасын бермеуі мүмкін, – деді Арын Құнанбайұлы.
Оның сөзінше, адам дүниеге келгенде миы дайын күйде болмайды. Баланың ойлау қабілетін дамыту үшін жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, қисса, жыр мен ән сияқты ұлттық мұралардың маңызы зор. Осындай құралдар арқылы «оқитын ми» қалыптасады.

Ал ЖИ зерттеушісі Тимур Бектұр: «Жасанды интеллектіні бала тәрбиесіне қызмет еткізу керек», – деген мәселені көтерді.
Оның айтуынша, бүгінгі адам бір күнде ата-бабаларымыздың өмір бойы жинаған білімінен де көп ақпарат тұтынады.
– Зерттеулерге сүйенсек, адам күніне шамамен 34 гегабайт ақпарат қабылдайды. Бірақ сол ақпараттың қаншасы санамызда сақталады? Кешегі істеген нәрсемізді ұмытып қаламыз. Әлеуметтік желілерді қарап отырып-ақ миымызға орасан көп мәлімет енгіземіз. Алайда оның басым бөлігі талданбайды, ой сүзгісінен өтпейді, – деді ол.
Спикердің айтуынша, мұндай жағдайда кітап оқудың маңызы арта түседі. Дегенмен қазіргі балаларды жасанды интеллектімен толықтай алыстату мүмкін емес.
– Бүгінгі күні балаға ChatGPT немесе басқа жасанды интеллект құралдарын қолданба деп айта алмайсыз. Ол – абсурд. Керісінше, ата-аналар ЖИ-ді пайдалы құралға айналдыра білуі керек. Мысалы, жасанды интеллект жүйесіне қазақтың мақал-мәтелдерін енгізіп, балаға арналған жеке чат-бот құруға болады. Сонда бала қандай сұрақ қойса да, ЖИ мақал-мәтелмен жауап беретін болады. Осылайша, ол қазақ мақал-мәтелдерін білетін болады, байқамай-ақ ұлттық мұраны меңгереді, – деді Тимур Бектұр.
Оның пікірінше, қазіргі балалар ақпаратты көбіне визуалды түрде қабылдайды. Сондықтан әдебиет пен тарихты заманауи технологиялардың көмегімен түсіндіру – уақыт талабы.
Шара барысында Тимур Бектұр өзі әзірлеген Абаймен виртуалды сұхбат құруға мүмкіндік беретін және қазақ хандары туралы мәліметтер топтастырылған чат-боттарды таныстырды. Ол мұндай чат-боттарды «Технологиядан үркетін емес, оны дұрыс пайдалана білетін ұрпақ өсіру және кітап оқитын әрі ойлай алатын ұлтқа айналу мақсатында қолдана білейік», – деп ойын түйіндеді.
Aqsham Talks зияткерлік алаңында спикерлер кітаптың тұлға қалыптастырудағы рөлі, ата-ананың жауапкершілігі, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері және ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы насихаттау жолдары туралы маңызды ойларын ортаға салды. Қатысушылар пікірінше, кітап оқу мен сыни ойлау мәдениетін дамыту – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты тетігі. Ал технология мен дәстүрді ұштастыра отырып, білімді әрі ойлы ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның маңызды міндеттің бірі болып қала береді.
Т.ЕСДӘУЛЕТ
