Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата Заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді.
Президент журналистер қауымының жаңа Конституцияны әзірлеуге және талқылауға қосқан үлесін атап өтті
200
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата Заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата Заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата Заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата Заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жаңа Конституция – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды.

– Негізгі құжатта еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға басымдық берілді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз ағымдағы кейбір олқылықтарымызды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемендігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, олар бізді ешқашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің тұғыры – әділеттілік. Бұл ұғымның масылдыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, әділеттілік, бұл – еңбекқорлық ұғымына жақын түсінік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.