Қаржы министрі Мәди Такиев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің «2025 жылғы республикалық бюджет туралы» есебін таныстырып, өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты
Министрдің айтуынша, Үкіметтің негізгі басымдықтары өзгеріссіз қалды. Олар – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың табысын арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын сақтау және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау.
Мәди Такиевтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің құндық көлемі 14,7 млрд АҚШ долларына артқан. Сонымен қатар 2025 жылы инфляция 12,3 пайызды құрап, орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетті. Жұмыссыздық деңгейі жыл бойы 4,6 пайыз деңгейінде сақталды.
Қаржы министрі еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайыздан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал Үкіметтің мақсаты – бұл көрсеткішті әлемдік орташа деңгейге, яғни 40 пайызға жеткізу.
Осы мақсатта Үкімет халықтың табысын арттыруға арналған кешенді шаралар әзірлеп жатыр.
Бағдарлама аясында қаржылық, салықтық және өзге де ынталандыру тетіктері қарастырылған. Олар еңбекақыны арттыруға, лайықты жалақы төленетін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған, – деді Мәди Такиев.
Айта кетейік, бұған дейін ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін екені хабарланды.
