Мамандандырылған топтар 2024 жылы Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша және Bolashak Charity қоғамдық қорының бастамасымен ашылды.
Астанада инклюзивті кәсіби оқытудың алғашқы түлектері диплом алды
198
оқылды

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың мамандандырылған топтарының алғашқы түлектеріне диплом табыстау  рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Мамандандырылған топтар 2024 жылы Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша және  Bolashak Charity  қоғамдық қорының бастамасымен ашылды. Бұл Қазақстанда менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған колледж базасында кәсіби оқытудың мамандандырылған топтарын ашудың алғашқы тәжірибесі.

Оқыту екі бағыт бойынша жүргізілді: «Кондитер ісі» және «Тігін ісі». Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды әлеуметтендіруге, олардың мамандық меңгеруіне, дербестігін дамытуына және одан әрі жұмысқа орналасуына бағытталған.

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің мамандандырылған топтарында аутизмі, Аспергер синдромы, зияткерлік және сөйлеу бұзылыстары бар 20 студент білім алды. Олардың 9-ы  Bolashak Charity  ҚҚ одан әрі кәсіби оқуға дайындық кезеңі ретінде іске асырып отырған «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының түлектері.

Білім беру процесі білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып бейімделді: қор оқу бағдарламасын бейімдеуді, педагог-ассистенттердің жұмысын, мамандар мен ата-аналардың сүйемелдеуін, сондай-ақ колледж педагогтерін оқытуды қамтамасыз етті. Оқу кезеңінде студенттер мемлекеттік стипендия алып, тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

Жобаның ерекше нәтижелерінің бірі түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуы болды. «Кондитер ісі» бағыты бойынша мамандандырылған топтың үш түлегі қазірдің өзінде «ТАТА» инклюзивті кондитерлік цехына жұмысқа орналасты. Жұмыс орнында оларды педагог-ассистенттер сүйемелдейді, ал қор мамандары қатысушыларға да, жұмыс берушіге де әдістемелік және мінез-құлықтық қолдау көрсетеді. Мұндай формат оқудан нақты еңбекке қауіпсіз өтуді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 Bolashak Charity  қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапланның айтуынша, мамандандырылған топтардың ашылуы менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер үшін үздіксіз инклюзивті маршрутты дамытудағы маңызды қадам болды.

«Астана қаласы әкімінің қолдауының арқасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер колледжде кәсіби білім алып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және дербес өмірге алғашқы қадам жасауға бірегей мүмкіндік алды. Қор үшін бұл жеке бір жоба емес, инклюзивті білім беру саласындағы 11 жылдық жүйелі жұмысымыздың заңды жалғасы. 2015 жылдан бастап біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер білім алып, дамып, әлеуметтеніп, біртіндеп келесі кезеңге  кәсіби оқыту мен сүйемелденетін жұмысқа орналасуға өте алуы үшін жағдай жасап келеміз. Бүгінгі бітіру рәсімі мемлекет, колледждер, педагогтер, ата-аналар және қор тарапынан қолдау болған жағдайда мұндай маршруттың шын мәнінде жұмыс істейтінін көрсетеді. Сонымен бірге мынаны түсіну маңызды: оқуды аяқтағаннан кейін аутизмі және басқа да менталдық даму ерекшеліктері бар жастар әрі қарай даму, кәсіби практика және жұмысқа орналасу жолындағы сүйемелдеу үшін қолжетімді инфрақұрылымға әлі де мұқтаж»,  деп атап өтті Динара Гаплан.

2025 жылы мамандандырылған топтар елорданың тағы екі колледжінде  Кәсіптік-техникалық колледжде және Технологиялық колледжде ашылды. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар тағы 18 студент білім алуда. Осы колледждердегі білім беру процесінің тиімділігі үшін қор инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтады.

Мамандандырылған топтар жобасы қордың оқу-өндірістік комбинаттарды дамыту жөніндегі қызметінің жалғасы болды. 2024 жылдан бастап ОӨК жобасы аясында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 45 жасөспірім жұмысшы мамандықтары бойынша оқытылды.

Жалпы, 2024 жылдан бастап «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы аясындағы оқытумен Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында 133 қатысушы қамтылды. Олардың 14-і түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29-ы колледждерге түсті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен,  Bolashak Charity ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, менталдық даму ерекшеліктері бар студенттер, ата-аналар және педагогтер қатысты.

Ата-аналар үшін мамандандырылған топтардың бітіру кеші менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдердің мамандық меңгеріп, практикалық дағдыларын дамытып, кәсіби ортада өз орнын таба алатынының маңызды дәлелі болды.

«Кондитер» тобының түлегі Таирдың анасы Жанар Кельменбетова былай деді:

«Бұл  бірегей мүмкіндік. Егер Bolashak Charity қоры болмағанда, біз қазір жеткен деңгейге жете алмас едік: бүгінде Таир “ТАТА” инклюзивті кондитерлік цехында жұмыс істейді. Колледжде оқыған уақытында Таир кондитер мамандығын меңгерді, түрлі өнімдерді пісіруді, кәсіби техникамен және жабдықпен жұмыс істеуді үйренді. Бірақ ең бастысы  ол анағұрлым дербес, жауапты және өзіне сенімді бола түсті. Біздің отбасымыз үшін бұл бітіру кеші  өте маңызды әрі толқынысты оқиға. Таир кондитер мамандығын алды, біз оның жетістігін шын жүректен мақтан тұтамыз. Біз педагогтерге, технологтер мен шеберлерге қолдауы, білімі, төзімі және балаларымызға деген сенімі үшін алғыс айтамыз. Бүгін біз оның жетістіктеріне қуанып, болашаққа үмітпен қараймыз».

 Bolashak Charity  қоғамдық қоры Астана қаласының әкімдігіне, Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжіне, педагогтерге, ата-аналарға, мамандарға және жоба серіктестеріне инклюзивті кәсіби білім беруді дамытуға және менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.