Экспозиция қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырады.
Шанхайда қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
203
оқылды

Шанхай тарихи музейінде «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» халықаралық көрмесі ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шара Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулдығының және Шанхай халық үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жиын 2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде Алматы мен Шанхайға бауырлас қалалар мәртебесі берілгеннен кейін басталған мәдени ынтымақтастықтың жалғасы болды. Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға ресми сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтерді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, сапар қорытындысында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Шанхай тарихи музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Көрмеге Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорындағы 100-ге жуық жәдігер қойылған.

Экспозиция қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырады. Онда этнографиялық бұйымдар, архив құжаттары мен фотосуреттер, ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ 1287 жылы Алматыда соғылған күміс дирхемдер ұсынылған. Халықаралық көрмеде ұлттық музыка өнеріне айрықша мән берілген. Келушілер QR-кодты сканерлеу арқылы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының әуезін тыңдай алады.

Жиын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музейлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған.

«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» көрмесі 2026 жылғы 30 тамызға дейін жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.