Ол мұны мұнай қорының сарқылуымен ғана емес, осы уақытқа дейін мұнайдан түскен табыстың едәуір бөлігі бюджет пен әлеуметтік шығындарды қаржыландыруға жұмсалғанымен байланыстырады.
Сарапшы: 2050 жылға қарай бізде мұнай болғанын да ұмытамыз
140
оқылды

2050 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі едәуір азайып, ел ішкі сұранысты толықтай өз шикізатымен қамтамасыз ете алмауы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 

Мұндай пікірді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов ADAL Adam LIVE эфирінде айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан мұнайдан түсетін негізгі кірістің ең жоғары кезеңінен өтіп кеткен. Сарапшының айтуынша, 2030 жылдардан кейін мұнай өндіру көлемі біртіндеп төмендей бастайды, ал ғасырдың ортасына қарай еліміздегі мұнай өндірісі айтарлықтай қысқаруы ықтимал.

"2050 жылдары бізде мұнай болғанын да ұмытамыз",-дейді ол.

Ол мұны мұнай қорының сарқылуымен ғана емес, осы уақытқа дейін мұнайдан түскен табыстың едәуір бөлігі бюджет пен әлеуметтік шығындарды қаржыландыруға жұмсалғанымен байланыстырады.

О. Байділдиновтың пікірінше, алдағы жылдары Қазақстан көмір, атом энергетикасы, шикізатты терең өңдеу және энергетика саласындағы нарықтық тетіктерді дамытуға көбірек көңіл бөлуі қажет.

Сарапшы сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымның тозуы, су тапшылығы, жылу электр орталықтарының ескіруі және электр энергиясы мен жанармай импортына тәуелділік мәселелеріне назар аударды. Оның бағалауынша, егер ұзақ мерзімді даму стратегиясы қабылданбаса, экономикада шығындар өсіп, тарифтерге қысым күшейіп, негізгі салалардағы тапшылық артуы мүмкін.