Creative Aimaq жобасын «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырады
Creative Aimaq жобасы аясында Павлодар облысының креативті өнімдері Астанада таныстырылды
182
оқылды

Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Павлодар облысының креаторларының жәрмеңкесі өтті. Көрмені Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева тамашалады.

Жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің авторлық туындылары, ұлттық қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар, қолдан жасалған зергерлік әшекейлер, ағаш, тері, сүйек, металл және керамикадан жасалған бұйымдар, өңір дизайнерлерінің этностильдегі киім топтамалары, сондай-ақ Павлодар облысы суретшілерінің еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан IT-жобалар да таныстырылды.

Бағдарлама аясында өңірдің белгілі қолөнер шеберлері мен суретшілері шеберлік сабақтарын өткізді. Келушілер зергерлік, қыш өнерінің және дәстүрлі қолөнердің қыр-сырымен танысып, шеберлердің жұмыс барысын тамашалады. Сондай-ақ жәрмеңкеде ұсынылған өнімдерді сатып алды. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде 1 миллион теңгеден астам сомаға өнім сатылды.

Creative Aimaq жобасын «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырады. Жоба өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауға, еліміздегі брендтерді ілгерілетуге, шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстан өңірлерінің мәдени әрі креативті әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған.