Қазақстандық футболшы Ислам Чесноков туған клубы – Қостанайдың «Тобылына» ресми түрде қайта оралды.
Клуб ойыншының ауысқанын Қазақстан Премьер-лигасындағы «Алтайға» қарсы өз алаңындағы матч алдында жариялады. Бұл кездесуде «Тобыл» қарсыласын 3:1 есебімен жеңді.
Чесноков жаңа маусымдағы алғашқы ойынын да өткізіп үлгерді. Ол 67-минутта, есеп 1:1 болып тұрған сәтте алаңға шықты.
Соңғы жарты жылда футболшы шотландиялық «Хартс» сапында ойнаған. Ол барлық турнирлерде 11 матчқа қатысып, бір гол соқты. Оның голы командаға жеңіс сыйлаған еді. Сондай-ақ Чесноков «Хартстың» күміс жүлдегер атануына үлес қосты.
Шотландиялық клуб келесі маусымда 2007 жылдан бері алғаш рет Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. «Хартс» ресми Instagram парақшасында қазақстандық футболшыға алғыс білдірді.
«Тобыл» Чесноковпен 2028 жылдың соңына дейін келісімшарт жасасты. Ислам бұған дейін қостанайлық клубта 2023–2026 жылдары ойнап, екі рет Қазақстан кубогын және бір рет ел Суперкубогын жеңіп алған.
