Қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы жалпы қарызы шамамен 45 миллиард долларды құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 15-20 пайызына тең көрсеткіш.
Қаржы маманы Еркебұлан Әріпбайдың айтуынша, халықтың қаржылық жағдайына кері әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – қаржылық сауаттылықтың төмендігі. Оның сөзінше, көптеген азамат табысын жинақтаудың орнына несие алып, той жасауға немесе қымбат баспана сатып алуға бейім.
«Ай сайын аз болса да ақша жинап отырса, ұзақ мерзімде қомақты қаражат қалыптастыруға болады. Ал несиеге той жасау – қаржылық сауатсыздықтың белгісі», – дейді маман.
Ол жуық арада пәтер бағасы айтарлықтай арзандайды дегенге сенбейтінін айтты. Сондай-ақ ипотекалық мөлшерлеменің төмендеуі де банктер үшін тиімсіз екенін жеткізді. Оның пікірінше, тұрғын үй бағасының күрт арзандауы құрылыс саласы мен жалпы экономикаға кері әсер етуі мүмкін.
Қаржыгер доллар бағамына қатысты нақты болжам жасау мүмкін емес екенін де атап өтті. Сонымен қатар акциялар мен басқа да инвестициялық құралдар табыс әкелуі мүмкін болғанымен, олардың тәуекелі жоғары екенін ескертті.
Маманның айтуынша, қаржылық тұрақтылықтың басты кілті – табысты дұрыс жоспарлап, тұрақты түрде ақша жинау.
