Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін ресми түрде қолына алғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Спортшы әлеуметтік желіде марапатын көрсетіп, бұған дейін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталғанын еске салды. Сондай-ақ болашақта І дәрежелі орденді иеленіп, «Барыс» орденінің толық кавалері атануды мақсат ететінін айтты.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешімді 2025 жылдың желтоқсанында қабылдаған. Алайда марапат уақытында тапсырылмаған.
Осы жылдың маусым айында Бибісара Асаубаева Президентке бейнеүндеу жолдап, мемлекеттік награданың өзіне әлі табысталмағанын айтқан еді. Кейін Туризм және спорт министрлігі мұны спортшының халықаралық жарыстарға байланысты тығыз кестесімен түсіндірді.
