Астанада тұрғын үйді нарықтық бағадан арзан алып беруге және мемлекеттік бағдарламалар арқылы кезексіз рәсімдеп беремін деп уәде етіп, азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен 51 жастағы ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғындардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен алдын ала ақша алған. Эпизодтардың бірінде ол жәбірленушіден пәтер алып беремін деп 1 миллион теңгені заңсыз иемденген.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияның мәліметінше, оның осыған ұқсас тағы 30 алаяқтық фактісіне қатысы болуы мүмкін. Қазір барлық эпизод бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, тұрғын үйге қатысты мәмілелерді тек ресми органдар арқылы рәсімдеуге және бейтаныс адамдарға алдын ала ақша бермеуге шақырды.
