Министрлік мәліметінше, бұл жиынның маңызы зор.
Биыл 3 мың әскери міндетті оқу-жаттығу жиынына шақырылады: кімдер бармайды?
246
оқылды

Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына 3 мың әскери міндетті азамат шақырылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрліктің мәліметінше, жиындардың мақсаты – запастағы әскери міндеттілердің жауынгерлік дайындығын жетілдіру, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру және әскердің жұмылдыру дайындығын күшейту.

Әскери жиынға қатысушыларды жергілікті әскери басқару органдары іріктейді. Азаматтар шақыру қағазы арқылы хабарландырылады. Себепсіз келмегендерге 5 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылғы мөлшермен 21 625 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бейбіт уақытта оқу-жаттығу жиындарына мына санаттағы азаматтар шақырылмайды:

оқу жылы кезінде педагогтер;

күндізгі бөлімде оқитын студенттер;

кәмелетке толмаған үш және одан көп баласы бар ата-аналар;

құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

мемлекеттік және азаматтық авиация қызметкерлері;

егіс және орақ науқаны кезінде ауыл шаруашылығы саласының мамандары;

әскери міндетті әйелдер;

запасқа шығарылғанына екі жыл толмаған азаматтар;

қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан немесе сот қарауындағы адамдар;

Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ әкімдер.

Оқу-жаттығу жиындарының ұзақтығы бір айға дейін созылады. Осы кезеңде қатысушылар тамақпен, киім-кешекпен, медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жол шығынын Қорғаныс министрлігі өтейді.