Кейде спорттағы жетістік тек жеңіп алған трофейлермен өлшенбейді. Команданың атқарған еңбегі мен танытқан қайтпас қайсар мінезі көбіне-көп ең маңызды көрсеткіштің бірі бола алады. Елордалық «Астана» баскетбол клубының 2025-2026 жылғы маусымы дәл осындай кезең ретінде жанкүйерлердің есінде қалғандай.
Елордалық клубтың еңселі маусымы
125
оқылды

Жақында баскетбол командасы Астанада жылдық нәтижені қорытындылау мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.

Команда өткен маусымдарда ВТБ Бірыңғай лигасына қатыспаған еді. Аталған лига – Ресей федерациясы мен ВТБ банкінің бірлесіп құрған халықаралық баскетбол турнирі. Бұл лигада астаналық ойыншылар жиі төбе көрсетіп келгенімен, кейінгі маусымда қатыспауды жөн деп шешкен.

Астана командасының аталған додаға қатыс­пауына негіз болған басты себеп – іскерлік бай­ла­ныс орнатқан Лига басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі. Сонымен қатар клуб­тың тиісті түрде жасақталып, қажетті деңгейдегі легионерлерді тарту мүмкіндігі болмады. Алайда елордалық команда құрамасы «Астананың» жақын болашақта жарысқа қайта қосылуына мүдделі.

Ақталған сенім

Дегенмен де елордалық команда Ұлттық лигада сенімді ойын өрнегін көрсетті. Турнир кестесінің жоғары сатысында орнығып, плей-оффқа басты фавориттердің бірі ретінде жол тартты. Команданың шеберлік көрсетуі заңды да еді, алайда биылғы финал «Каспий» ко­манда­сымен тартысты текетіреске ұласты. Нәтиже­сінде, чемпиондық ақтаулық командаға бұйыр­ғанымен, «Астана» ойыншыларының маусым бойы атқарған еңбегі еш кеткен жоқ.

Клубтың бас директоры Самсон Аракеля­н­ның айтуынша, команда Ұлттық лиганың финалдық сериясында жеңіліс тапқанына қа­рамас­тан, маусымды сәтті өткізді.

– Біз тұрақты чемпионатты алғашқы орында аяқтап, финалға шықтық және Батыс Азия суперлигасында лайықты өнер көрсеттік. Көптеген шетелдік бәсекелестеріміздің бюджеті бізден үш-төрт есе көп болды. Соған қарамастан, команда біздің артқан үмітіміз бен сенімімізді толықтай ақтай алды десем, еш қателеспеймін, – дейді ол.

Команданың жылдық бюджеті

 «Астана» кәсіби клубының бюджеті шамамен 2 млрд теңгеге жетіп отыр. Клубты қаржылан­дырудың негізгі бөлігі мемлекеттік спорт ұйым­дары арқылы іске асады, сонымен қатар қаржы­ның белгілі бір бөлігін клуб өз қызметі арқылы табады. «Астана» – ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсеткен клубтарға қарағанда, ең қара­пайым бюджетке ие команданың бірі. Оның қар­жылық мүмкіндігі лиганың жетекші ресейлік клубтары – «ЦСКА» мен «Зенит» командалары­ның бюджетінен әлдеқайда төмен. Дегенмен де команда мүмкіндікті пайда­ланып шеберлігін шыңдауға бар күшін аямай сарп етті десек, қателеспеспіз. Мысалы, жанкүйер­лер Ұлттық лиганың маусым басында коман­даның ішкі біріншілікте үздік үштікке таласаты­нын болжаған шығар. Алайда жыл соңында «Астана» тек ел чемпионатының финалына дейін жетіп қоймай, халықаралық аренада да кәсіби дағдыларын көрсетіп, көпке дәлелдей алды. Сондықтан күміс медаль бұл маусымның жалғыз қорытындысы емес.

Команданың ерекше көзге түскен тұсы – халықаралық деңгейдегі ойындары. Батыс Азия суперлигасында өнер көрсеткен қазақстандық клуб қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары қарсыластармен иық тірестіре ойын көрсетті. Кей матчтарда тәжірибе мен бюджет емес, жігер мен тәртіп жеңіске жеткізетінін дәлелдеді. Со­ның айқын көрінісі ретінде құрлықтағы ең мық­ты команданың бірі ливандық командамен бол­ған ойындағы жеңісін атауға болады. Бір ай­тарлығы, ливандық «Аль-Рияди» баскетбол құрамасы бұған дейін бірде-бір рет ұтылып көрмеген.

Клуб басшылығы да маусым қорытындысына оң баға беріп отыр. Бас директор Самсон Ара­келянның пікірінше, команда әлеуетін толық ашып, күткен нәтижеден де жоғары деңгей көр­сетті.

– Кей қарсыластарымыздың мүмкіндігі біз­ден бірнеше есе жоғары болды. Соған қарамас­тан, команда алға қойған міндеттерді орындаумен қатар, жоспарлағаннан да жақсы нәтиже көр­сетті, – деді ол. 

Құрамдағы өзгерістер

Маусым барысында ұжым түрлі қиындыққа тап болды. Плей-офф алдындағы кадрлық өз­герістер команданың жұмысына әсер етпей қой­мады. Дегенмен ойыншылар қысымға төтеп беріп, маусымның шешуші сәттерінде жауапкер­шілікті мойнына ала білді. Соның бірі – финалдық сериядағы төртінші матч. Легионер ойыншылардың бірі Адас Юшкявичус алаңнан кеткеннен кейін команданың жауапкершілігі жергілікті баскетболшыларға түсті. Сол кездесуде «Астана» мінез көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтай алды. Команда капитаны Рустам Мур­зағалиевтің айтуынша, дәл сол матч ұжымның,  шын мәнінде, бірлігін көрсеткен.

– Біз сол сәтте әрқайсымыздың жауапкер­шілігіміз артқанын түсіндік. Команда болып бірігіп, маңызды жеңіске жеттік. Енген өзгеріс­тер бізге тек өзімізді көрсететін мүмкіндік пен үлкен мотивация сыйлады, – деді капитан.

Баскетбол көрермені артып келеді

Өткен маусымның тағы бір маңызды жетістігі – жанкүйерлердің баскетболға деген қызығу­шылығының артуы. Финалдық ойындарда арена­­лардың лық толуы, әлеуметтік желілер мен трансляциялардағы белсенділік бұл спорт түрі­нің елдегі беделі өсіп келе жатқанын аңғартты. Бұрын футбол мен хоккейдің тасасында қалып келген баскетбол бүгінде өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді.

Клуб басшылығы құрамды күшейту бағытын­дағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар команда күзде өтетін Батыс Азия супер­лигасының финалдық кезеңіне дайындықты бастап кетті.

Мәселе жүлденің беделінде емес. Маңыздысы – команданың өз мүмкіндігін дәлелдеуі, халық­аралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көр­сетуі. Сондықтан бұл маусымды елордалық клуб үшін жеңіліс емес, жаңа белестерге бастайтын маңызды қадам деп бағалаймыз.

Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті