Оның үшеуі де спирттік ішімдік ішіп, суға түскен.
Ақмола облысында 4 адам суға батып кетті
фото: www.istockphoto.com
159
оқылды

Ақмола облысында шомылу маусымы басталғаннан бері су айдындарында 11 адам қаза тапты. Соның төртеуі осы демалыс күндері көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Ақмола облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен демалыс күндері қаза тапқан төрт адамның бірі - 44 жастағы ер адам. Қайғылы жағдай  Көкшетаудағы Қанай би көшесі жағындағы Қопа көлінде болды.

"Су қоймасының бұл бөлігі шомылуға арналмаған және суға түсуге тыйым салынған. Сондай-ақ бір топ адамның жағада спирттік ішімдік ішкені анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деді Ерсайын Қойшыбаев.

Ал судағы екінші өлім Қосшы қаласы Тайтөбе ауылының маңындағы Сарқырама өзенінде болған. 37 жастағы ер адам да ішімдік ішіп, суға түскен.

"Үшінші оқиға Шортанды ауданына қарасты Төңкеріс ауылының маңында болды, онда 18 жастағы ер адам суға батып кетті. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ жазатайым оқиға Целиноград ауданы Қаражар ауылының маңында 1988 жылы туған ер адам мас күйінде бассейнге құлап, демалыс аймағында көз жұмды", – деп қосты Ерсайын Қойшыбаев.

Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салды. Бұдан басқа, балаларды су маңында қараусыз қалдырмауды есте сақтаған жөн.