Ақмола облысында жұмысқа қатынап жүрген төрт бірдей жұмысшы ауыр жол апатына ұшырап, олардың бірі жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатыр. Зардап шеккен жігіттің анасы оқиғаның әділ тергелетініне күмән келтіріп, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға Ақмола облысына қарасты Біржан сал ауданында болған. «Қазгер» ЖШС-ның төрт қызметкері жұмыс орнынан үйлеріне қайтып келе жатқанда, олар отырған тіркеме-будка жүк көлігінен ажырап кеткен. Қозғалыс кезінде тіркеменің сүйреуіш бөлігі жерге тіреліп қалып соның салдарынан тіркеме бірнеше рет аударылған.
Салдарынан төрт жұмысшы өндірістік жарақат алған. Үшеуі ауруханадан шығарылғанымен, олардың бірі – Темірболат Қаировтың жағдайы аса ауыр күйінде қалып отыр. Дәрігерлер оның омыртқасы қатты зақымданғанын, бұл жарақат мүгедектікке әкелуі мүмкін екенін айтқан.
Жігіттің анасы Баян Балташева кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағанын айтады. Оның сөзінше, жұмысшылар бірнеше рет басшылықтан оларды қауіпсіз көлікпен тасымалдауды сұрағанымен, бұл өтініштер ескерусіз қалған.
Сонымен қатар ол оқиғадан кейінгі тергеу барысына да алаңдаушылық білдірді.
Анасының айтуынша, Біржан сал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алғашында оның арызын қабылдаудан бас тартып, ұлының жазбаша сенімхатын талап еткен. Тек заңгерлер араласқаннан кейін ғана арыз заң талаптарына сәйкес тіркеліп, оқиға бойынша тергеу басталған.
Алайда Ақмола облыстық Полиция департаменті бұл мәліметпен келіспейді. Ведомствоның ресми хабарлауынша, қылмыстық іс 19 маусымда, оқиға туралы хабар түскен бойда қозғалған.
– 27 маусым күні жәбірленушінің анасының арызы заңнама талаптарына сәйкес қабылданып, тіркелді және қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз, – деп мәлімдеді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Соған қарамастан, әлеуметтік желіде жарияланған пікірлерде құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты күмән айтылуда.
Пікір авторының сөзінше, анасының арызы бастапқыда қабылданбаған, ал полиция қызметкерлері оны кабинеттен шығарып, сыртта сөйлескен. Тек бұл сәт бейнекамераға түсіріле бастағаннан кейін ғана арыз қабылданғаны айтылған.
Сондай-ақ жазбада учаскелік инспекторлар мен анықтаушылардың өзге зардап шеккендердің отбасыларына барғанымен, ең ауыр халдегі жігіттің анасына бір апта бойы ешкім келмегені айтылған. Бұған қоса, қылмыстық іс материалдары бір апта бойы облыс орталығына жіберілмегені туралы да мәлімделген. Осы жайттарға байланысты жарияланым авторы істің әділ тергелуіне күмән келтіріп, істі ерекше бақылауға алуды сұраған.
Өз кезегінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті де аталған өндірістік жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізілуде.
Оқиғаның нақты себептері мен кінәлі тұлғалар тергеу қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
