Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Президент еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыртылып жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
– Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз.
Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз.
Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанын және осы мақсатты қалай іске асыратынын да сөз етті.
– Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн.
Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет.
Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек.
Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын, – деді ол.
