Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Мен осыған дейін елімізде жаңа инвестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру (диверсификация) дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты.
Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым секілді келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз.
Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн. Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. Кең-байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады», – деді Президент.
