Алматыда полицейлер шетелдік туристерден заңсыз алынған ақшаны қайтарып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға Алматы қаласының Бостандық ауданында болған. Үндістанның екі азаматы халықаралық Алматы әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін таксимен барғаннан кейін жүргізуші олардан жолақы ретінде 150 АҚШ долларын талап еткен.
Өзін алдандым деп есептеген туристер бірден полицияға жүгінген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары жүргізушінің жеке басын жедел анықтап, заңсыз алынған қаражатты шетелдік азаматтарға толық көлемде қайтарып берді.
Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданады.
Полиция жолаушыларды, оның ішінде қала қонақтарын алдап, заңсыз табыс табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
