Форум барысында қатысушылар үш негізгі мәселені талқылады: жаңа Ата заңның мемлекетті нығайтудағы рөлі, бұл үдеріске әрбір азаматтың қосатын үлесі және Конституция қорғауға тиіс құндылықтар. Талқылау өзегінде адам құқықтары мен міндеттері, азаматтық қоғамды дамыту, отбасылық құндылықтар мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері болды.
– Ата заңның ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары, бостандықтары, еңбегі мен қадір-қасиеті. Жаңа Конституция – жалпыхалықтық референдумда қабылданған ортақ таңдауымыз. Бүгін оны іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталады. Оның нормалары мен құндылықтарын қаншалықты дәйекті ұстанатынымыз жүргізіліп жатқан реформалардың табысы мен қоғамның мемлекетке деген сенімін айқындайды, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев заң үстемдігі мен азаматтардың конституциялық құқықтарының маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Әділеттілік, заң мен тәртіп, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау сияқты кейінгі жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған қағидаттар алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Конституцияның басты құндылығы – онда биліктің емес, халықтың еркі көрініс табады. Өйткені Ата заңға сәйкес, Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – халық, – деді ол.
Облыстық соттың төрағасы Ерден Әріпов сот төрелігін жүзеге асырудағы жаңа жағдайлар туралы айтып өтті.
– Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – еліміздің құқықтық жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы. Оның негізгі міндеті – мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде танылған азаматтардың қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарының нақты әрі тиімді қорғалуын қамтамасыз ету. Бұл міндетті іске асыруда сот билігіне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Демек, Конституцияда бекітілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарының шынайы қорғалуы, ең алдымен, тәуелсіз, әділ және тиімді сот төрелігіне байланысты.
Ата заңды іске асыру жағдайында сот жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қоғамның сотқа деген сенімін одан әрі нығайту. Сенім тек қабылданған шешімдердің заңдылығымен ғана емес, соттың ашықтығымен, қол жетімділігімен, объективтілігімен және әрбір азаматқа құрметпен қарауымен қалыптасады.
Әділ сот – құқықтық мемлекеттің басты өлшемдерінің бірі. Азамат өзінің құқығы бұзылған жағдайда тәуелсіз соттың әділ шешім қабылдай алатынына сенімді болған кезде ғана Конституцияның құндылықтары нақты өмірде жүзеге асады.
Бүгінде сот жүйесінің рөлі жекелеген құқықтық дауларды шешумен ғана шектелмейді. Сот конституциялық құндылықтарды іске асырудың және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың маңызды институтына айналып отыр. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін едәуір күшейтті. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – адвокатураның конституциялық мәртебесінің бекітілуі. Бұл оның құқықтық мәртебесін арттырып қана қоймай, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы шешуші рөлін айқындады, – деді Ерден Әріпов.
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы өңірлердің бастамаларын ескеруге қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдық диалогтың жаңа жүйесі тұрғындардың ұсыныстарын республикалық деңгейге тиімді жеткізуге және оларды мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық бастамаларды әзірлеу барысында ескеруге жол ашады.
Форум соңында өңірдің дамуына үлес қосқан қоғам өкілдеріне Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы
