Қайғылы оқиға Өтеген батыр көшесі мен Емцов көшесінің аралығындағы құрылыс жүріп жатқан аумақта болған.
Алматыда жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан электрлі велосипед жүргізушісі көз жұмды
Фото: zakon.kz
228
оқылды

Алматыда 2026 жылғы 2 шілдеге қараған түні BRT желісі салынып жатқан жол учаскесінде жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипедтің қатысуымен адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Апат салдарынан 2004 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиға Өтеген батыр көшесі мен Емцов көшесінің аралығындағы құрылыс жүріп жатқан аумақта болған.

Куәгерлердің айтуынша, электрлі велосипед жүргізушісі ауыр жарақат алып, жедел медициналық көмек келгенге дейін көз жұмған. Соқтығыс салдарынан электрлі велосипед жедел жәрдем көлігінің астына кіріп кеткен.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта арнайы жарық және дыбыс белгілерін қосып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, электрлі велосипед жүргізушісі әуелі жолақтың ортасымен қозғалып, кейін кенеттен қарсы бағытқа бұрылған.

Жүргізуші соқтығысты болдырмау үшін рөлді жолдың ортасындағы бөлгіш аллеяға қарай бұрып, көлікті тоқтатуға тырысқанын айтты. Алайда соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған.

Оқиға куәгерлері мен оған қатысушылар аталған жол учаскесіндегі қозғалыстың дұрыс ұйымдастырылмағанына назар аударды. Олардың сөзінше, бұл аумақта BRT құрылысы жүргізіліп жатқанымен, қажетті жол белгілері орнатылмаған, ал ескі жол таңбалары жаңартылмаған. Соның салдарынан жүргізушілерге қозғалыс бағытын анықтау қиынға соғып отыр.

Жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен кінәлі тарап құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу нәтижесінде анықталады.