Жасанды интеллект білім беру жүйесіне жаңа серпін беріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралына айналып отыр. Мұның айқын дәлелі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы, философия докторы (PhD) Райгүл Желдибаеваның әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – АҚШ-тың University of Illinois Urbana-Champaign университетінің профессорларымен бірлесіп Coursera халықаралық білім беру платформасына арналған онлайн курс әзірлеуі.
Бүгінде Coursera – миллиондаған қолданушысы бар әлемдегі ең беделді онлайн білім беру платформаларының бірі. Мұнда Стэнфорд, Иллинойс, Йель, Дьюк, Лондон университеті секілді жетекші жоғары оқу орындарының және Google, IBM, Microsoft сияқты халықаралық компаниялардың білім беру бағдарламалары ұсынылады. Осындай беделді ортада Жетісу университеті ғалымының авторлық ұжым құрамында болуы – қазақстандық жоғары білім мен ғылым үшін маңызды жетістік.
Үш модульден тұратын курс жасанды интеллектіні тілдік білім беру үдерісіне тиімді енгізудің ғылыми және практикалық негіздерін қамтиды. Оның ішінде Райгүл Желдибаева әзірлеген Frameworks and Case Studies in AI-Supported Language Education модулінде жасанды интеллектіні тіл үйретуде қолданудың теориялық тұжырымдамалары мен халықаралық тәжірибелері кеңінен баяндалған. Сонымен қатар білім беру ортасын жобалау, оқу үдерісін бағалау және AI құралдарын әртүрлі тілдік контексте қолданудың нақты мысалдары ұсынылған.

Жас ғалым бұл жобаны өзінің кәсіби дамуындағы маңызды белес деп бағалайды.
– Халықаралық команда құрамында осындай курсты әзірлеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл жұмыс цифрлық білім беру мен жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу бағытындағы білімімді тереңдетіп, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді, – дейді Райгүл Желдибаева.
Бұл жетістік «500 ғалым» бағдарламасы аясында өткен ғылыми тағылымдаманың нәтижесі болды. 2024–2025 оқу жылында ол University of Illinois Urbana-Champaign университетінде ғылыми-зерттеулер жүргізіп, педагогикалық инновациялар, цифрлық білім беру және жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу мәселелерімен айналысты.
Тағылымдама барысында халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, шетелдік әріптестерімен бірге жоғары импакт-факторлы журналдарда бірнеше ғылыми мақала жариялады. Сонымен қатар University of Illinois Urbana-Champaign университетінің Education Policy, Organization and Leadership (EPOL) факультетінің зерттеуші-аффилианты мәртебесіне ие болды. Бұл халықаралық ғылыми жобаларға тұрақты қатысуына және жетекші зерттеушілермен бірлескен жұмыстарын жалғастыруына жол ашты.

Қазіргі таңда Райгүл Желдибаева Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын «Жасанды интеллект тілдік емес мамандықтар студенттерінің академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде: рандомизацияланған зерттеу» ғылыми жобасын басқарады. Жобаның ғылыми кеңесшісі – University of Illinois Urbana-Champaign университетінің профессоры Лиам Мэги. Бұл халықаралық серіктестік зерттеудің ғылыми сапасын арттырып, нәтижелерінің тәжірибелік құндылығын күшейтуде.
Соңғы бір жылдың өзінде жас ғалым АҚШ, Литва және Бразилия зерттеушілерімен бірлесіп бірнеше ғылыми еңбек жариялап, олардың екеуі Scopus деректер базасында индекстелетін Q2 санатындағы халықаралық журналдарда жарық көрді. Оның ғылыми белсенділігінің нәтижесінде Hirsch индексі (h-index) 3-ке жетті.
Райгүл Желдибаеваның жетістігі – бір ғана ғалымның табысы емес. Бұл – Жетісу университетінде халықаралық ғылыми әріптестік пен заманауи білім беру технологияларын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Әлемдік білім платформасында жарияланған бұл курс Жетісу университетінің халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, қазақстандық ғалымдардың әлемдік білім беру үдерісіне қосып отырған нақты үлесінің дәлелі болып отыр.
