«Жошы ханда» өзіміздің режиссерлер мен мамандар қалыптасқан стереотипті бұзып, қазақ театрының мүмкіндіктерін тағы бір рет паш етті.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлық: "Жошы хан" қойылымы бағын сынауда
186
оқылды

Биылғы жылдың Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Соның арасында өнер саласы бойынша  Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының "Жошы хан" қойылымы бар. 

«Жошы хан» тарихи драмасының авторы – Думан Рамазан. Белгілі жазушы бұған дейін «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек хандар» пьесаларын жазып, әдеби қауымның ыстық ықыласына ие болған еді. Ал қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Автор мен режиссердің тандемі тарихи сананы қайта жаңғыртуға, көркемөнерді бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуге өлшеусіз үлес қосады. Сон­дай-ақ спектакльге ерекше реңк беріп, шы­ғарманың маз­мұнын аша түскен оның музы­касы. Әуен­дерді композитор, этномузыкант, Қазақ­стан Республикасының мәдениет қайрат­кері Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқым­бетов жазған. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов арнайы шақырылса, хореографы – Салтанат Сұңғат, сахна сайысын Абылай Салимханов қойды. Жалпы, шығармашылық топ аянып қалмаған. Сахнаға эскалатор жүргізілген, фон 3D графикамен әрленген, тіпті қағанның айбарын көрсететін тақ та ерекше әрленген. Кезінде осындай соңғы үлгідегі техникаларды пайдалану үшін театрлар қыруар қаржыға шетелден режиссер алдыратын еді. Ал «Жошы ханда» өзіміздің режиссерлер мен мамандар қалыптасқан стереотипті бұзып, қазақ театрының мүмкіндіктерін тағы бір рет паш етті.

Шыңғыс ханды Асылбек Қапаев шынайы сомдаған. Бұған дейінгі спектакльдерде Шыңғыс ханды тек қаты­гез жағынан көрсек, бұл жолы қарттықтың қайнарына жетіп, кемелденген әке образында көбірек танимыз. Қойылымда Шыңғыс хан ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеуге тырысады. Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлына беріп, ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көре­гендігі мен сарабдал саясат­кер­лігі байқалады. Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылған­ша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының ел билеу жөніндегі ой ерек­шеліктері, талғам-түйсіктері бой көрсетеді.

Материалды толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар. 

Өнер саласы бойынша сонымен қатар Қазғұлов Алпысбай – «Ұлы дала әуендері» картиналар топтамасы, Әбілтай Шәміл – «Тұран – Алтын Орда - Қазағым» күй трилогиясы, Баймен Батухан картиналар топтамасы іріктелген.

Әдебиет саласы:

Ыбыраев Маралтай – «Ақ батпырауық» жыр кітабы

Бегманов Қасымхан – «Құланиек, құба таң» жыр кітабы

Тұрғынбекұлы Серік – «Жүрегім – мұңның ұясы» кітабы