Елорда күніне орай Астананың бірнеше алаңында Open Air форматындағы концерттер өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қала күніне арналған ашық аспан астындағы мерекелік концерт 6 шілде күні елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда өтеді.
Екінші автотұрақ аумағында сағат 12:00-ден бастап сауда орындары, қолөнершілер жәрмеңкесі, фуд-корт, сондай-ақ балаларға арналған түрлі ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді. Ал сағат 18:00-де стадион аумағында ауқымды Open Air концерті басталады.
Мәдени іс-шара барысында заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері қолданылады. Мерекелік кештің жүргізушілері Линара Есен мен Дарын Олжабай болады. Сонымен қатар көрермендерге жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған цифрлық жүргізуші Батыржан Тазабеков таныстырылады.
Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары – «Формат» тобы, Маржан Арапбаева, Raim, Ерке Есмахан, Әлішер Кәрімов, BAYANSULU, Alem, Bellucci, Yenlik, Abik Jeksen және Қайрат Нұртас өнер көрсетеді.
Сондай-ақ 6 шілде күні сағат 18:00-де «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда да ашық аспан астындағы концерт өтеді.
Бұл мәдени бағдарламада да заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері пайдаланылады.
Мерекелік концертте «МузАрт» тобы, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген, Ерке Есмахан, Raim, Kalifarniya, BAYANSULU, Yenlik, Қазыбек Құрайыш, Қуандық Амандық, DOS, Абзал Өтешов, Didar және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP өнер көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
