Instagram парақшасында спортшы әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енгеннен кейінгі сезімі туралы айтты.
Бибісара Асаубаева: «Мақсатым – әлемдік рейтингте бірінші орынға шығу»
182
оқылды

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуді басты мақсаты ретінде атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Instagram парақшасында спортшы әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енгеннен кейінгі сезімі туралы айтты.

«Шынымды айтсам, әр жетістігімнен кейін өмірім түбегейлі өзгереді деп ойлайтынмын. Бірақ жетістіктерім аз емес: үш мәрте әлем чемпионы атандым, гроссмейстер атағын алдым, Үміткерлер турнирінде екінші орын иелендім, Норвегиядағы турнирде жеңіске жеттім, әлемдік рейтингтің үздік бестігіне ендім. Соған қарамастан, өзімді қабылдауым айтарлықтай өзгерген жоқ. Мүмкін, әлемдік рейтингте бірінші орынға шыққанда бәрі басқаша болар», – деді Бибісара.

Оның айтуынша, уақыт өте келе шахматқа деген көзқарасы мен мотивациясы өзгерген.

«Қазір ойынның өзінен ләззат аламын. Шахматты қатты жақсы көремін, онсыз өзімді жайсыз сезінемін. Ал қысымға келсек, соңғы бес жылда ол шамамен бірдей болды. Тек Үміткерлер турнирінде ғана қатты қобалжыдым. Тіпті бәрін тастап кеткім келген сәттер де болды. Бірақ ол кезең артта қалды», – деді спортшы.

Айта кетейік, биыл 22 жастағы Бибісара Асаубаева тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) шілде айындағы рейтингінде 2538 ұпаймен әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді.