Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығындағы ахуал мен Қазақстаннан мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алу шаралары бойынша есепті тыңдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бензин, дизель отыны және авиаотын қоры ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері шекарадағы өткізу бекеттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 593 әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді.
Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов соңғы екі тәулікте қосымша бактар мен канистрлер арқылы 3 тоннадан астам жанар-жағармайды шетелге шығарудың 61 әрекеті анықталғанын хабарлады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі күмән тудырған 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысын тексеріп жатыр.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы тұрақтылықты сақтау Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға жағдайды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
