Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Діни басқарманың мәліметінше, жаңа атау ресми қолданысқа енгізіледі. ҚМДБ республикалық Бас мешіттің елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстан мұсылман қауымының ортақ рухани ордасы екенін атап өтті.
«Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етіп келеді», – делінген басқарма хабарламасында.
Сондай-ақ ҚМДБ жаңа атаумен республикалық Бас мешіт алдағы уақытта да қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және халықтың рухани өмірін дамытуға өз үлесін қоса беретінін мәлімдеді.
