Барлық көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді.
"Көшеде жарыс ұйымдастырған": Алматыда он шақты жүргізуші жауапқа тартылды
фото: www.istockphoto.com
122
оқылды

Алматыда түнгі уақытта Рысқұлов даңғылында жоғары жылдамдықпен заңсыз жарыс ұйымдастырған жүргізушілер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Полицияның мәліметінше, бірнеше автокөлік жол бойында жоғары жылдамдықпен жарысып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Олардың бұл әрекетін байқаған патрульдік полиция экипажы жақын маңдағы нарядтарға жедел хабарлаған.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары Рысқұлов даңғылының Күдерин көшесінен батысқа қарай орналасқан бөлігінде көліктердің жолын бөгеп, оларды тоқтатты. Барлығы он шақты көлік бар, оның ішінде қымбат маркалыда көлік те анықталды.

Әрбір жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олар апаттық жағдай туындатқаны және маневр жасау қағидасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Барлық көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді.

Полиция заңсыз көшедегі жарыс жүргізушінің шеберлігін емес, өзгелердің өмірі мен денсаулығына саналы түрде қауіп төндіретін әрекет екенін еске салды.