Ақтау маңындағы Каспий теңізінде қайғылы оқиға болып, ер адам суға батып кетті. Ал оның ұлын демалушылар дер кезінде судан шығарып, аман алып қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, оқиға Caspian Star демалыс базасының маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, теңізде қатты толқын кезінде әкесі мен баласы суға бата бастаған. Жағалауда демалып жүргендер бірден көмекке ұмтылып, алдымен баланы, кейін әкесін судан алып шыққан.
Алайда ер адам ес-түссіз күйде болған. Жедел қызметтер келгенге дейін демалушылар оған ұзақ уақыт бойы жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Кейін құтқарушылар мен жедел жәрдемнің екі бригадасы көмек көрсеткенімен, ер адамның өмірін сақтап қала алмады.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға жағалаудың жабдықталмаған бөлігінде болған. Онда тұрақты құтқару бекеті жоқ, ал ұялы байланыс тұрақсыз. Салдарынан жедел қызметтерді шақыру мен олардың оқиға орнына жетуі қиындаған.
Дәрігерлер құтқарылған жасөспірімді және оған көмек көрсетуге суға түскен азаматтардың бірін тексерген.
